Мемлекет ауыз сумен қамтамасыз етуге бизнес өкілдерін тарту үшін жеңілдетілген несие беру тәрізді шаралар қабылдауы қажет

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман мәлім етті.
Мұндай алдыңғы қатарлы тәжірибелердің бірқатар облыстарда бар екендігін атап өткен оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында Каменск топтық су құбырын сенімді басқару тобына беру, Қызылорда облысына қарасты Арал қаласы мен 5 елді мекенде халыққа су беру жұмысын дұрыс ұйымдастыру арқылы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіліп, тәулігіне 24 сағат бойы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етілуде.
Су ресурстары комитеті төрағасының пайымдауынша, сумен қамтамасыз етілген елді мекендерде барлық үйлерді есептегіш құралдармен жабдықтау және оларға су құбырларын үйлеріне дейін тартуды ауыз суды жеткізу қызметінің тарифі арқылы шешу керек. «Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан берілетін субсидияға байланысты тұрғындар үшін суды жеткізу қызметінің бағасы өспейді, яғни тариф деңгейі 40 теңгеден аспайды», деген ол алдағы уақытта жобасы жасалатын нысандарда мұндай шаралар алдын ала көзделуі керектігін баса айтты.