Мемлекет бақылауды күшейтті: мүгедектікке өтінімдер қалай тексеріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Бір жыл ішінде тәуелсіз сарапшылар мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай форматта 113 мыңнан астам өтінімді қарады.
Алаяқтық бүгінде әлеуметтік қолдау мен денсаулық сақтау жүйесіне деген қоғам сенімін әлсірететін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл нақты медициналық негізсіз жеңілдіктер алу, қосымша қаржы табу мақсатында емханаларда науқастар немесе көрсетілген қызметтер санын жасанды түрде арттыру, тіпті қанша оғаш естілсе де, жалған мүгедектік фактілеріне қатысты болып отыр.
Мұндай тәжірибелер мемлекеттік ресурстардың мақсатсыз жұмсалуына алып келеді, шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды қолдаудан шет қалдырады және әлеуметтік институттарға деген сенімсіздікті күшейтеді. Мәселенің ауқымы соншалық, ол тек экономикаға ғана емес, қоғамның моральдық ахуалына да әсер етіп, әділетсіздік сезімін және масылдық көзқарасты күшейтеді.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары институты 2025 жылғы 1 қаңтарда мүгедектікті тану процесін барынша ашық, объективті әрі азаматтар үшін қолайлы ету мақсатында құрылды. Оның сырттай, проактивті форматтағы жұмысы азаматтың жеке қатысуынсыз цифрлық медициналық деректерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, субъективті фактордың ықпалын болдырмайды.
Сарапшылардың тәуелсіздігі шешімдердің жеке байланыстарға немесе қысымға емес, нақты әрі сенімді ақпаратқа негізделуіне кепілдік береді. Мұндай тетік әлеуметтік қолдау жүйесін теріс пайдаланудан қорғайды, жалған диагноздар мен қолдан жасалған анықтамалар арқылы жеңілдік алудың алдын алады, осылайша әлеуметтік алаяқтық пен масылдыққа тосқауыл қояды.
Нәтижесінде көмек шынымен мұқтаж азаматтарға көрсетіліп, мемлекеттік ресурстар әділ әрі нысаналы түрде бөлінеді, бұл қоғамның әлеуметтік саясатқа деген сенімін нығайтады.
Бір жыл ішінде тәуелсіз сарапшылар мүгедектікті белгілеу бойынша сырттай форматта 113 мыңнан астам өтінімді қарады. Бұл көрсеткіш мүгедектікті белгілеу жөніндегі барлық мемлекеттік қызметтердің 42,5 пайызын құрайды.
– Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізудің негізгі нәтижесі – азаматтардың денсаулық жағдайын және еңбекке қабілеттілігін жоғалту деңгейін бағалауға жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің тартылуы, – деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті медициналық-әлеуметтік сараптама басқармасының басшысы Фардана Халикова.
Оның айтуынша, тәуелсіз сарапшылар жүйесін енгізу медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қызметінің штат санын арттырмай-ақ мамандардың кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
– Сарапшылар өздері тұратын өңірден бөлек аймақтардағы істерді қарай алады. Бұл медициналық ұйымдар мен өтініш берушілер тарапынан ықпал ету мүмкіндігін жоққа шығарады, – деп толықтырды Фардана Халикова.
Тәуелсіз сарапшылардың жұмысы уәкілетті орган тарапынан сараптамалық қорытындыларды талдау, шағымдану көрсеткіштері, сондай-ақ ай сайынғы және жылдық тексеру нәтижелері арқылы бағаланады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 408 бұйрығына сәйкес сарапшылар жұмысының ережелері мен бағалау критерийлері бекітілген.
Актілерді автоматтандырылған түрде бөлу жүйесі сарапшылардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
– Құжаттар сарапшының тұрғылықты жері бойынша жолданбайды, бұл ұйымдар мен өтініш берушілер тарапынан қысым көрсету мүмкіндігін болдырмайды, – деп түсіндірді спикер.
Тәуелсіз сарапшылар тізіліміне енгізу үшін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы конкурстық іріктеу көзделген. Оған жоғары медициналық білімі және кемінде бес жыл еңбек өтілі бар мамандар қатыса алады. Барлық құжаттар мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеріледі.
Министрлік сарапшылар жұмысына мониторинг жүргізіп, қабылданған шешімдердің сапасын, қарау мерзімдерін және шағымдар нәтижесін талдайды. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда сарапшы тізілімнен шығарылуы мүмкін.
– Тәуелсіз сарапшылардың шешімдеріне қатысты шағымдар мен өтініштер ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, қайта қарау мүмкіндігімен белгіленген тәртіпте қаралады, – деп қосты Фардана Халикова.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев масылдықты ынталандыру тәжірибесінен бас тарту қажет екенін айтқан болатын.