Мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек - Тоқаев

«Стрестік активтерді азайту жөніндегі жұмыстардың маңызы зор. Біз шешім қабылдадық: мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек. Онымен бірге бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару маңызды. Бірақ ол тек қана нарықтық негізде жүруі керек. Ол үшін заңнамалық база қажет. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге жыл аяғына дейін Парламентке заң жобасын ұсынуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент артық ақша массасын реттеу жолдарын атады.
«Жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада шектен тыс ақша массасы қалыптасты. Бірақ осы қаржы жетпей жатқан салалар бар. Екінші деңгейлі банктер шағын шараларға, әсіресе, ауылдарда ақша салмайды. Сондықтан микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажет. Олар жергілікті орындарда жұмыс істеп жүргендіктен, ондағы клиенттерді, олардың бизнесін, мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша шешімдер пакетін дайындауы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.