Мемлекет басшысы Антониу Коштаны Қазақстанға сапармен келуге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштамен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Еуропа тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағының арасындағы байланыстарды нығайтудың өзекті мәселелері мен перспективасы талқыланды.
— Мемлекет басшысы Еуропа Одағымен, соның ішінде Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы қарым-қатынастардың даму қарқынына оң баға берді. Сондай-ақ сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика және цифрлық трансформация салаларындағы байланыстарды тереңдету мен орнықты дамудың маңызын атап өтті, — делінген хабарламада.
Тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің барлық бағыты бойынша диалог пен өзара ықпалдастықты ілгерілетуге алдағы уақытта да дайын екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Бұдан бұрын Президент UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.