Мемлекет басшысы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн екенін, бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейтінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

— Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық — келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты.
Жасанды интеллект — қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді.
Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болатынын айтты.
— Бірақ жайбарақат отыруға болмайды, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады.
Алайда біз шындыққа тура қарауымыз керек: Жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек.
Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп (этика) нормаларын сақтау. Бір сөзбен, әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету керек, — деді ол.
Айта кетелік Президент жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет екенін айтқан еді.