Мемлекет басшысы Кирилл Герасименконы абсолютті чемпион болуымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Кирилл Герасименконы жеңісімен және Қазақстанның абсолютті чемпионы атағына ие болуымен құттықтады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Мемлекет басшысы Кирилл Герасименконы абсолютті чемпион атағымен құттықтады
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

- Үстел теннисі бойынша Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы атағына ие болуыңызбен құттықтаймын! Ұлттық құраманың көшбасшысы бола отырып, осы олимпиадалық спорт түрінің елімізде және шетелде дамуы мен танылуына елеулі үлес қостыңыз. Ең жоғары деңгейдегі жарыстарда жаңа жеңістер тілеймін! - делінген құттықтау хатта.

Отандасымыз мұндай жоғары құрметтің алдағы жетістіктерге жігерлендіретінін атап өтіп, жанында болғандарға алғысын жеткізді. 

Герасименко Алматыда өткен үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Ол барлық бағдарламада үздік нәтиже көрсеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда үстел теннисінен Қазақстан чемпионатының командалық сайыстарының жеңімпаздары анықталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар