Мемлекет басшысы Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен телефон арқылы сөйлесті

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті. 

Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңмен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорда

Әңгімелесу барысында президенттер сан қырлы қазақ-корей ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады.

— Мемлекеттер басшылары екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасты. Сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты жандандыруға ниет білдірді, — делінген хабарламада.

Тараптар өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, білім беру және медицина салаларында қолға алынған әрі перспективті жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Ли Чжэ Мёң Қазақстан Президентін Корея Республикасына ресми сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алып, келесі жылы Сеулде өтетін «Орталық Азия — Корея Республикасы» форматындағы саммитке қатысатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Мысыр Президентіне құттықтау жеделхатын жолдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар