Мемлекет басшысы мен Димашқа күрте тіктік — тігін фабрикасының шебері
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында «Абай» тігін фабрикасының шебері Ерқайрат Қоянбаев өзінің кәсіби мансабындағы ең маңызды тапсырыстары туралы айтты.

— Біздің фабрикада сыртқы киімдер, жұмысшылардың киімдері, күртелер тігіледі. «Сарыарқа» хлоккей клубына спорттық киім тігеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да, Димаш Құдайбергенге де күртелер тігіп жібердік. Айбек Барысовқа да («Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС негізін қалушы — ред.) киім тіктік. Бұл тапсырыстарды біздің басшылығымыз алды, мен сонда киім пішу цехының бас маманымын, — деді ол.
Маманның айтуынша, ішкі нарықта фабрика тауарларына сұраныс жеткілікті.
— Сұраныс көп, бүкіл Қазақстанға Қазпошта арқыл жібереміз. Instagram желісі арқылы да көп тапсырыс түсіп жатады. «Kaspi жұма» акциясы кезінде де сатуға тауар шығарамыз. Онлайн дүкеніміз де жұмыс істейді, сол арқылы сатып алушылардан пікірін біліп отырамыз. Көбінесе онлайн жұмыс істейміз, — дейді Ерқайрат Қоянбаев.
Оның айтуынша, бұл фабрика 1969 жылдан бастап жұмыс істеген, Кеңес одағына танымал фабрика болған. Ал 2000 жылдары банкротқа ұшырайды. 2017 жылдан бастап оны кәсіпкер Нұрхан Жұмабекұлы сатып алып, қайта аяғына тұрғызған.
Айта кетейік, бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Абай тігін фабрикасымен келісімге қол қойғанын жазған едік.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу — мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екенін айтқан еді.
Ал жұмысшылар жылының жартысы өткенде еңбек нарығында қандай өзгеріс болғанын мына сілтемеден оқи аласыз.