Мемлекет басшысы: Ресей — Қазақстанның Құдай қосқан көршісі

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарының құрметіне Президент Владимир Путиннің атынан Кремльде мемлекеттік қабылдау өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Президент Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы біздің ортақ тарихымыз бірліктің үлгісін танытатын сөздердің қай-қайсысынан да артық екеніне тоқталды.

— Қиын жылдарда біз бір-бірімізді қолдап, иық тіресіп қатар тұрдық. Бірге талай қиындықты жеңдік, бүгінде жадымызда сақтап, жүрегіміздің төрінде қастерлеп ұстайтын Ұлы Жеңіске бірлесіп жеттік. Ата-бабамыздан «Құдай қосқан көрші» деген сөз қалған. Ресей — Қазақстанның Құдай қосқан көршісі, — деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, бүгін Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз өткізді.

Келіссөз барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей — жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер екенін айтты.

Кейіннен екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Бұдан бөлек Мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.

Шара кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасы құрылысына қатысты мәселелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.

Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей тарапы қосымша 13 келісімге қол қойды.

Соңғы жаңалықтар