Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді

ҚАЗАН. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында сөз сөйледі.  Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаев
Photo credit: Akorda

– Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстанның БРИКС-ке мүше елдермен сауда-саттық айналымы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш былтыр еліміздің сыртқы сауда көлемінің жартысына жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сауда және инвестиция, ІТ-технология, аса маңызды минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім және туризм салалары өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттары саналады.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС-ке мүше мемлекеттер басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапарымен барған болатын.

Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді.

ҚР Президенті және өзге БРИКС+ саммитіне қатысушылар бірге суретке түсті.

 

Соңғы жаңалықтар