Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді
АШХАБАД. KAZINFORM — Қасым-Жомарт ТоқаевСердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата –Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады. Мемлекет басшысы мерейлі сәтке орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін мәселелердің маңызын атап өтті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
– Ашхабад секілді көркем шаһарға шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мұнда келген сайын қонақжай пейілдеріңізді, туыстық әрі достық көңілдеріңізді сезінеміз. Ертеңгі форум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей тұрғаны да осы құндылықтар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқылады. Сердар Бердімұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына айрықша мән берілді. Түрікменстан ПрезидентіМемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Осы халықаралық деңгейдегі форумға қатысу арқылы Сіз бейбітшілікті, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға бейіл екеніңізді көрсетіп отырсыз. Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Өзіңізбен түрікмен жерінде кездесу біз үшін зор мәртебе, – деді Сердар Бердімұхамедов.
Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Түрікменстанның астанасы Ашхабад қаласына барды.