Мемлекет басшысының Астана халықаралық форумында сөйлеген сөзінің толық мәтіні
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана халықаралық форумында сөйлеген сөзінің толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз.

Қадірлі қонақтар!
Баршаңызбен Астана халықаралық форумында жүздескеніме қуаныштымын!
Бүгінгі басқосуға шетел үкіметтерінің басшылары, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы достарымыз бен әріптестеріміз қатысып отыр.
Мәртебелі меймандарымызға, атап айтқанда, Руанда Президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілеріне, форумның өзге де қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Форум аясында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жөнінде нәтижелі пікір алмасамыз деп үміттенеміз.
Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!
Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы.
Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр.
Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі.
Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды.
Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек.
Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн.
Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін.
Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады.
Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз.
Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мұны мойындаған жөн.
Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді.
Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру.
Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз.
Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді.
Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз.
Құрметті достар!
Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс.
Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз.
Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды.
Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық.
Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін.
Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Қазақстанда ғана емес, біздің аймақта мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады.
Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері.
Парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді.
Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе «Заң мен тәртіп» қағидатында көрініс тапқан.
Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты – жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз.
Жаһандағы сын-қатерлерге қарамастан, экономикамыз былтыр 5,1 пайызға өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 пайызға артты.
Дейтұрғанмен біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді.
Біз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасаймыз. Ең басты міндетіміз – аймақтар арасындағы алшақтықты азайту және орта тапты нығайту.
Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз.
Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу.
Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді.
Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті.
Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады.
Әлемдегі уран қорының 40 пайызы Қазақстанның еншісінде. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырады.
Алайда климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары.
Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды.
Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді.
Қазақстан өзара құрмет пен аймақтық ықпалдастықты арқау еткен Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайды.
Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру туралы қарарды ресми түрде қабылдады.
Бұл – біздің көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігіміз. Аталған орталық бірлескен жобаларға қолдау көрсетіп, техникалық сараптамаларды қамтамасыз етеді және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді.
Қадірлі қонақтар!
Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс.
Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс.
Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды.
Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды.
Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ.
80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді.
Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес.
Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.
БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс.
Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс.
Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз.
Қадірлі достар!
Сіздер Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен келдіңіздер. Әрқайсысыңыз тәжірибелеріңізді, дүниетанымдарыңызды және құндылықтардың ықпалымен қалыптасқан көзқарастарыңызды ортаға саласыздар.
Аталған форумның мәні осындай интеллектуалдық әралуандықта жатыр.
Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет.
Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Аталған алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады.
Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» ( Connecting Minds, Shaping the Future) Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз.
Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс.
Біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек.
Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын.
Бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын. Баршаңызды мазмұнды диалог орнатуға шақырамын.
Алдағы пікірталастар қызықты, форум жұмысы нәтижелі болуына тілектестік білдіремін.
Рақмет!