Мемлекет басшылары келіскенімен әлі күнге Ташкентте Абай ескерткіші орнатылмай тұр - Р. Халмұрадов
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, философ, әлем таныған ұлы тұлғалардың бірі Абай Құнанбайұлы екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан да, біз Абайды мақтан тұтамыз, Елбасы айтқандай : «Абай - біздің идеологиямыз болуға тиіс», деді Р. Халмұрадов.
Сонымен бірге, 2006 жылы Мәскеу орталығында Абайдың ескерткіші ашылғанына тоқталған депутат, бұл шара халықтар арасындағы шынайы достықты одан сайын жақындатқанын атап өтті.
«Өзбекстан президенті И. Кәрімов 2008 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында Абайды құрметтейтін елдердің бірі ретінде қазақтың ұлы тұлғасына Ташкент қаласында ескерткіш орнату туралы келісілген болатын. 2008 жылғы республикалық бюджеттен де осы мақсатқа 170 млн. теңге бөлінген еді. Міне, содан бері 2 жылдан астам уақыт өтсе де, Мемлекет басшылары деңгейінде келісілген бұл мәселе өз шешімін таппай келеді», деген Р. Халмұрадов, бұл мақсатта Үкімет тарапынан қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады.