17:26, 19 Мамыр 2009 | GMT +5
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін бірқатар нақты міндеттер жүктеді
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Бүгін Ақордада өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысының еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін алға қойған міндеттеріне тоқталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бүгін Мемлекет басшысы біздің алдымызға агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде нақты міндеттер қойды. Аграрлық саясаттың негізгі бағыттарын анықтады. Елбасы ең алдымен агроөнеркәсіптік кешеннің ең осал саласы болып табылатын қайта өңдейтін кәсіпорындарды дамыту міндетін қойды», деді брифингте А. Күрішбаев.Оның айтуынша, ғылыми қамтымды технологияларды енгізу жүктелген. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «ҚазАгро» холдингіне бөлінген қаржыны дұрыс ұқсату, жерді және суды тиімді пайдалану тапсырылған. «Осы шаруалардың арқасында біз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайта және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін ұлғайта аламыз», деді Президент. Сонымен қатар А. Күрішбаев Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырғанын атап көрсетті. «Ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық жоспарын нақты қаржыландыру анықталды. Агроөнеркәсіптік кешенге, оның ішінде қайта өңдейтін салаға бағытталатын қаржының сомасы бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2009 жылы 164 млрд. теңге, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы нақты проблемаларды шешу үшін 97 млрд. теңге бөлінді. Ал «ҚазАгро» холдингіне инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 2 жылға 120 млрд. теңге бөлінді», деді А. Күрішбаев.