Мемлекет басшысы Астана жасыл аймағын құру жұмыстарының барысымен танысты

Елбасы атап көрсеткендей, биылдың өзінде Астананың төңірегінде 73 гектар жерге жасыл желек егілді. «Қаланың ішінде егіліп жатқаны өз алдына. «Жасыл ел» деген бастамамен бүкіл Қазақстанда «Жасыл ел» қозғалысының мүшелері - жастар жыл сайын 51 мың гектар ағаш отырғызады. Біз келер ұрпаққа елімізді жасыл орманға оранған әдемі мемлекет жасауымыз керек», деді ол.
Айта кетейік, былтыр Н. Назарбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министріне Ақмола облысы Шортанды ауданы аумағындағы жасыл белдеудің көлемін ұлғайтып, келешекте оны Бурабайдың табиғи орманымен қосуды тапсырған болатын.
2002-2009 жылдар аралығында Астана-Қостанай, Астана-Малиновка, Астана-Шортанды және Астана-Қарағанды автожолдарының бойында жалпы аумағы 14 мың 617 гектар жерге жасыл желек егілді. Ал 2006-2009 жылдары Астана-Шортанды бағытында 5,6 мың гектар жер орманды алқапқа айналды.
«Бурабайдан Астанаға дейін барлық өңір орман болуы керек. Орман болғаннан кейін оның ішінде неше түрлі аңдар: қоян, түлкі, еліктер болуы тиіс. Қазір мұнда қырғауыл мен басқа да құстарды жіберіп жатырмыз. Одан бөлек біздер гүлдер егуіміз керек. Бұл орман Астананың климатын өзгертті. Аса ыстық та, бұрынғыдай аса суық та болмайды», деді Мемлекет басшысы.