13:20, 24 Тамыз 2022 | GMT +5
Мемлекет басшысы Бакуде Ильхам Әлиевпен кездесті
БАКУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
«Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Әзербайжанға барды. Баку әуежайында Қазақстан Президентін Әзербайжан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов күтіп алды.
Фото : t.me/bort_01