Мемлекет басшысы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да жаңа өнім үлгілерімен танысты

Елбасы импортты алмастыру бағдарламасына сәйкес перфозарядтар өндіру, мұнай қыздыру пештерін шығару, СУ-27 ұшағының АЛ-31ф авиациялық двигательдерді жөндеу және газтурбиналы қондырғылар мен авиациялық двигательдер үшін бірегей сынақ стансасы сынды инновациялық жобалармен танысты. Кәсіпорын басшысы Әліби Ахметжанов ұшақ үлгісін көрсетіп, шағын авиация ұшақтарын өндіру жобасы барысынан хабардар етті.
Мемлекет басшысы шетелдік компанияларда қайта даярлықтан өткен мамандармен кездесіп, пікірлесті. Мамандар біліктіліктерін арттыру жөнінде әңгімелеп берді. Елбасы осындай өндіріс орындарына жоғары кәсіби мамандардың қажеттігін атап көрсетті.
Аталмыш кәсіпорын негізінен мұнай-газ және мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын, газтурбиналық электр стансыларын, қысыммен жұмыс жасайтын өнімдер, резервуар, металл конструкцияларын өндіруге бағытталған.
2010 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 3 млрд. теңгеге бағаланған газ айдау агрегаттары мен газтурбиналық электр стансыларын өндіру жобасы жүзеге асырылды. Кәсіпорында General Electric компаниясының технологиясы негізінде газ турбиналы қондырғыларды, автоматика мен басқару жүйелерін жөндейтін қызметтік орталық құрылған.
Кәсіпорын жоғары қысымды сорғы жабдығы өндірісі мен жөндеуді, азаматтық мақсаттағы шағын авиация өнімі мен перфозарядтар шығаруды жоспарлап отыр.
Қазіргі кезде әскери және азаматтық мақсаттағы авиациялық двигательдерді жөндеу базасын ұйымдастыру кәсіпорын үшін шешуші бағыттардың бірі болып есептеледі, мұның Қазақстанда теңдесі жоқ. Бұл жоба осы салада жетекші саналатын Мәскеу қаласындағы «Салют» газқұбырқұрылыс ғылыми орталығымен» және Луцк «Мотор» жөндеу зауытымен (Украина) бірлесіп жүзеге асырылмақшы, бұларда аса білікті мамандар даярланады.
Болашақта азаматтық авиация үшін жоғары технологиялы өнім шығару көзделуде.