Мемлекет басшысы: Біздің жасаған ескерткішіміз - елордамыз Астана

Бұл туралы бүгін республикамыздың бас алаңы - «Қазақ елі» монументінің алдында өтіп жатқан Астана күніне арналған салтанатты шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізді, жерімізді түгендеп мемлекет құрдық. Дүниежүзіне қазақты, Қазақстанды паш еттік. Өз Астанамызды қас-қағым сәттік тарихи уақытта тұрғыздық. Бұл - халықтың ерлігі, еліміздің батырлығы, болашаққа сенгендігі. Бұл - өскелең ұрпақ бізден жақсы өмір сүрсін дегеніміз. Сол үмітке жеткізу үшін біздің ұрпақ, менің қатарластарым, сіздер мен біздер қызмет істеп жатырмыз», - деді Елбасы.
Жас ұрпақты жарқын болашаққа талпынуға шақырған Президент, «бұл уақытты көрмей кеткен қаншама ата-бабаларымыз бар. Аллаһ бізге осындай бақытты берді. Соған дұрыс қарап, түсіне білейік, осыған сай болайық, құрметті ағайын. Еліміздің астанасын, халқымыздың рәміздерін қадірлеу, бұл еліміздің болашағына деген мықты сенім болады. Осы біздің жасаған шаруаны артымыздан еріп келе жатқан буын тек қана қолдап қалмай, қасық қаны қалғанша жерімізді қорғап, еліміздің бірлігін сақтап, жарқын болашаққа қол созулары тиіс», - деді.