Мемлекет басшысы Димаш Құдайбергеннің атасының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы танымал әнші, өнер қайраткері Димаш Құдайбергеннің атасы – Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
None

Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын.

Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді.

Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.


Соңғы жаңалықтар