Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей Жас лидерлері форумын ұйымдастыруды ұсынды
«Жастар - жаңарған Қазақстан мен Ресейдің бейнесі. Сендердегі күш-қуат, бастамашылдық, ақыл-білім, жасапаздық мемлекеттеріміздің қарқынмен дамуының кепілі. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтуларың керек», - деді Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей жастарына арнаған сөзінде.
Осы орайда Елбасы Астана, Мәскеу және Қазан ынтымақтастығы процесіне жастарды барынша жұмылдырудың маңызды екенін айтты.
«Қазақстан мен Ресейдің Жас лидерлері форумын ұйымдастыруды ұсынамын. Форум аясында ғылыми конференциялар, семинарлар, коуч-сессиялар, тағы басқа да шараларды өткізу қажет. Бұл жастардың бір-бірімен идеялар алмасуына, елдеріміздің ең өзекті мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтуына мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мәдени сабақтастыққа серпін беріп, жыл сайы өткізілетін жас өнерпаздардың, суретшілердің, музыканттардың байқауларын жандандыру қажеттігін де атап көрсетті.
«Жас спортшыларымыздың арасындағы байланыстар өзекті болып отыр. Студенттер екі ел жастарының арасында тұрақты түрде турнирлер өткізуді қолдайды деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.