Мемлекет басшысы Кеден одағына кіретін Мемлекет басшыларының келіссөздеріне қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барады
Оның сөзіне қарағанда, Кеден одағына кіретін елдердің басшылары үш елдің Бірыңғай экономикалық кеңістік халықаралық келісімшартының 2012 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуіне байланысты Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның көкейкесті мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді.
«Кездесудің күн тәртібінде Қазақстан-Ресей мен Беларустың Кеден одағы қызметінің көкейкесті мәселелері бар. Басқосуда бар ықпалдасудың келесі сатысына көшу жөніндегі біріккен жұмыстар да назарда болады. Нақтырақ айтқанда, ол Еуразиялық экономикалық одақ, ықпалдасу үдерістеріндегі ұлтаралық органдардың басқаруын жетілдірумен байланысты», - деді ресми өкіл.
Оның сөзінше, сапар барысында аталғандардан басқа үшжақты кездесу өткізіліп, оның аясында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды болып табылатын Еуразия экономикалық ықпалдастық туралы декларация, Еуразия экономикалық комиссиясы туралы келісімшарт және Еуразия экономикалық комиссиясы жұмысының тәртібі сияқты бірқатар құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр.