Мемлекет басшысы: Латын әліпбиіне не үшін көшеміз
«Кириллицаның бірнеше әрпі қазақ лексикасына мүлдем қатыспайды. Қазақ тілінде «ь», «ъ» белгілері, «ч», «щ», «я» әріптері жоқ. Японды біз жапон дейміз. Соның барлығы біздің тілімізді, жазуымызды, жұрттың оқуын қиындатты. Мұның барлығы ең негізгі емес те шығар. Ең негізгісі, мына заманмен, болашақпен бірге болу үшін ол бізге керек. Латын әліпбиіне көшу арқылы біздің барлығымыз да ақпараттың дамып келе жатқан кеңістігіне енетін боламыз. Бұған дейін айтқанымдай, интернет тілі - бұл ғылым мен мәдениет тілі. Біз бұл бағытта ілгерілеп те келеміз. Мен аталған әліпби туралы Жарлық та шығардым, оны өздеріңізде білесіздер», - деді Елбасы кездесу барысында.
ҚР Президенті гуманитарлық білім беру мәселесіне де кеңінен тоқталды және гуманитарлық саладағы 18 кітаптың қазақ тіліне аударылып жатқанын және оны мектептер де, университеттер де оқитын болатындығын баса айтты.
Сондай-ақ Елбасы «Туған жер» бағдарламасына да тоқталды.
«Әр адамның отансүйгіштігі өз отбасынан, әкесінен, анасынан, бауырларынан, тұрған үйінен, ауылынан басталады. Қазір де қазақтардың 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Бұрын ауылда 90 пайызы тұрған еді. Сол ауылдың бір атақты төбесі, өзені, сол жерде шығатын өсімдігі, жидегі бар. Соның барлығы - Отанымыз, туған жеріміз. Менің де қазір көзімді жұмсам, кішкентай кезімде жүрген жерлерім, аралаған тауларым, жата салып, суын ұрттаған өзендерім есіме түседі. Сондықтан, Туған жер деген - әр адамның кіші отаны», - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздің қалталы азаматтары туған ауылдарына барып, 300 млрд теңгеге 720 әлеуметтік нысан салып берген.