Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс Президенттік сайлауға түсуге келісімін берді

АНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет башысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға түсуге келісімін берді. Бұл туралы Елбасы бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде мәлім етті.
None
None

«Бүгін «Нұр Отан» партиясының жоғары органы Мемлекет басшысы лауазымына менің кандидатурамды ұсынды. Бұл ұсынысты мен елдегі жүргізіліп жатқан саясатты қолдау деп түсінемін. Мен тағы да қайталап айтамын, егер халық қолдаса, мен халықтың қалауын денсаулығым мен күш-қуатым жеткенше орындаймын. Мен мемлекет игілігі үшін қызмет етемін. Сондықтан бүгін осы съезде Президенттікке кандидатурамды ұсынуға келісімімді беремін»,- деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы жүргізіліп жатқан қазіргі бағытты қолдайтындығына сенімді екенін атап көрсетті. "Бұл еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге, басталған жұмыстарды жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. Мені Президенттікке кандидат ретінде ұсыну жөніндегі шешімді мен жүргізіп отырған бағыт-бағдарлды қолдау деп қарастырамын. Біздер бірге жеңіске жететіндігімізге сенімдімін", - деді Елбасы.

Н. Назарбаев Президенттің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуге қатысты бастаманың аясында орын алған мәселелерге де тоқталып өтті. "Аталмыш идеяның аясында демократиялық күштердің «Қазақстан-2020» қоғамдық коалициясы шоғырланды. Аталмыш коалиция 5 миллионнан астам қазақстандықтың басын біріктірді. Мен бұл бастаманы қолдаған және соған ұйытқы болған барлық қазақстандықтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Кез келген саясаткер үшін және мемлекетіміздің Президенті ретінде мен үшін де халықтың сенімінен артық, содан жоғары марапат жоқ. Мен еліміздің жоғары мүддесімен келісе отырып, Президенттік мерзімнің 2 жылға қысқаруына қарамастан референдум орнына кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөнінде шешім қабылдадым»,-деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қоғамның бұл шешімді оңды қабылдағандығын атап көрсетті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының XIII съезінде Қазақстанның қазіргі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты партияның атынан 2011 жылы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсыну жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл ұсынысты Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Президентінің өкілеттігін референдум арқылы ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастамашы топтың жетекшісі болған Ерлан Сыдықов айтты.

«Осылайша мен партияның бүкіл мүшесінің көңілін білдіріп отырғаныма сенімдімін. 5 миллионнан астам қолдың жиналғандығы қазақстандықтардың Елбасы келешекте де мемлекетті өзі басқара беруін қалайтынын көрсетті», - деді Е. Сыдықов.

«Сіз елді жарқын жолға бастайтын жолды көрсеттіңіз. Халық сол болашақтың іргесін Сізбен бірге қалағасы келеді. Алдағы биік міндеттерді Сізбен бірге атқарғысы келеді. Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге болу алдағы күнге деген үмітімізді орнықтырып, сенімізді бекіте түспек. Сондықтан мен бүгінгі съезде дана да дара басшымымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы атынан Президенттікке кандидат етіп ұсынамын», - деді ол.

«Әлемдік қауымдастық Қазақстанды қоғамдық қуаты мықты, экономикасы әлеуетті, саяси жүйесі берік мемлекет ретінде таныды. Еңсесі езілгенімен сағы сынбаған қазақ елін халықтың бағына туған кемеңгер басшы бірден кемел келешекке бастады. Алтай мен Атырау арасындағы ұшқан құстың қанаты талатын байтақ отанмыз төрткүл дүние түгіл мойындаған қуатты ұлыс болып қалыптасты. Бүгінде еліміздің тұғыры берік, мақсаты айқын. Қиялдың шынға, арманның ақиқатқа айналғаны осы шығар деймін ағайын. Қиядан шауып, қисынын тауып жол бастаған Елбасымыз бейбітшіл бастамалар арқылы елімізді әлем жұртшылығының зор құрметіне бөледі», - деді Е. Сыдықов.

Сонымен қатар осының барлығы Мемлекет басшысының ерен еңбегінің, қажырлы қайратының нақты жемісі және нақты стратегиялық пайымдауының айқын көрінісі екендігін баса айтан Е.Сыдықов өткен жылы Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастама көтерілгенін әрі онда сайлаушылардың тең жарымынан астамы қолдау көрсеткенін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар