Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаровты қабылдады
Б. Бекназаров Мемлекет басшысына сот төрелігін одан әрі жетілдіру және сот реформасын тереңдету жөнінде қабылдаған шаралар туралы хабарлады.
Жоғарғы Сот төрағасы Президентке ағымдағы жылдың 10 айында сот төрелігін жүзеге асырудың нәтижелері, сот жүйесін нығайту жөніндегі шаралар, экономикалық соттар жұмысы, сондай-ақ Қазақстанда сот ісін жүргізуді дамыту мәселесінде халықаралық ынтымақтастық туралы баяндады.
Б. Бекназаров қылмыстық сот ісін жүргізуді ізгілендіру бойынша жүзеге асырылған шаралар қауіпті емес қылмыс жасап сотты болған қазақстандық азаматтардың санын едәуір төмендеткенін атап өтті.
Сонымен қатар Жоғарғы Сот төрағасы Президентті барлық облыс орталықтарында жеткіншектердің істері бойынша соттардың құрылуы туралы хабардар етті. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған соттардың қызметі сот шешімінің анағұрлым дәлелді қабылдануына мүмкіндік туғызып, құқық тәртібін бұзған жеткіншектерді қайта тәрбиелеу және түзету үдерісіне оң ықпалын тигізетін болады.
Азаматтардың жоғары деңгейде құқықтық қорғалуын арттыру, сот рәсімдерінің қол жетімді және ашық болуы мақсатында сондай-ақ тәжірибеге электрондық сот ісін жүргізу енгізілуде.
Мемлекет басшысы Жоғарғы Соттың және барлық сот төрелігі жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.