Мемлекет басшысы Ресей президенті Д.Медведевпен екіжақты кездесу өткізді

«Біздің өзара қатынастарымыз өте сындарлы дамып отыр. Біз сізбен бүгін қол қойылатын уағдаластыққа біраздан бері ұмтылған болатынбыз. Бұл өте күшті уағдаластықтар, Екібастұз ГРЭС-2-дегі бірлескен жұмыс, блок құрылысы 700 млн. доллар тұрады және Ресейге 650 мегаватт электр энергиясын береді. Атом тақырыбы бойынша да: біріншісі - ресей технологиялары бойынша кенішті игеру жөніндегі бірлескен кәсіпорын, екіншісі - сондай-ақ ресей технологиясы бойынша Қазақстанда атом электр стансысын салу», - деді Н.Назарбаев.
Д.Медведев, өз кезегінде, Ресей мен Қазақстан ықпалдастықтың жоғары деңгейіне жақындады, деп атап өөтті.
«Бүгінде - бұл Кеден одағы, ол жұмыс істей бастады. Алда - Бірыңғай экономикалық кеңістік, ал болашақта, оның мәні ортақ рынок болмақ. Менің ойымша, сайып келгенде бұл - бірлескен валюта кеңістігінің пайда болуына әкеледі», - деді Д.Медведев.
Ресей президенті кездесу барысында мерекелік астанаға таңданысын жасырмады, ол Қазақстанға өткен жолғы сапардан бері елорда мықтап өзгергенін атап өтті.