Мемлекет басшысы Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды
ҚР Президентінің Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы Жарлығы
2008 жылғы желтоқсанның 4-індегі ҚР Бюджет кодексінің 64-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесі бекітілсін.
2. ҚР Президентінің «Республикалық бюджет және Төтенше мемлекеттік бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы шілденің 5-індегі №363 Жарлығы күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
ҚР Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2009 жылғы тамыздың 26-сы №861
Қазақстан Республикасы Президентінің «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы» Жарлығына түсініктеме
Қазақстан Республикасы Президентінің «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережесін бекіту туралы» Жарлығы 2008 жылғы желтоқсанның 4-індегі ҚР Бюджет кодексінің 64-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді.
Осы Ереже республикалық бюджет жобасын әзірлеу бойынша кезеңдерді, мерзімдерді және іс-шараларды белгілейді.
Республикалық бюджет жобасын әзірлеу үдерісі келесі кезеңдерді:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын болжаудың және бюджеттік өлшемдер жобаларының әзірленуін оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің мақұлдауын;
2) орталық мемлекеттік органдардың, бюджеттік өтінімдердің стратегиялық жоспарлары жобаларының әзірленуін және олардың Республикалық бюджет комиссиясында қаралуын;
3) республикалық бюджет туралы заң жобасының әзірленуін өзіне қамтиды.
Бюджетті жоспарлаудың базалық негізі Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының болжамдары, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша шығыстардың болжамдық көлемдері және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобалары айқындалатын республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен бюджеттік өлшемдері болып табылады.
Осылайша, Жарлықтың қабылдануы Кодекс нормаларына сәйкес республикалық бюджетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.