Мемлекет басшысы «Ритц-Карлтон» қонақ үйінің ашылу рәсіміне қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев астаналықтарды, инвесторларды және құрылысқа қатысқан барлық азаматтарды қонақ үйдің ашылуымен құттықтады.
- «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында елорда тұрғындарына тағы бір сыйлық жасалды. Бұл - әлемдік деңгейдегі «Ритц-Карлтон» қонақ үйі. Оның құрылысына сапалы технологиялар мен стандарттар қолданылып, қысқа мерзім ішінде бой көтерді. Бұл - қала инфрақұрылымына салынған зор инвестиция, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Астананың жоғары деңгейлі қонақ үй кешеніне ие болғанын атап өтті.
- Қонақ үй құрылысына Қазақстанның компаниялары қатысты. Жаңа ғимаратта ең жоғары дейгейдегі іс-шараларды өткізіп, жоғары мәртебелі меймандарды қабылдауға қажетті барлық инфрақұрылым бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
***
Астананың сол жағалауындағы Talan Towers кешенінің жалпы алаңы - 120 мың шаршы метр. Онда Talan Towers Offices, «Ритц-Карлтон» қонақ үйі, SPA орталығы, бизнес орталығы және «Emporium» сауда галереясы орналасқан.