Мемлекет басшысы Тараз химия-технология колледжінде болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыста ашылып жатқан химия өндірісі үшін өндірістік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін салынған Тараз химия-технологиялық колледжінде болды.
None
None

Кездесуге Тараздағы жаңа білім мекемесінің оқытушылары мен оқушылары, Жамбыл облысы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының директорлары қатысты.

Мемлекет басшысы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бесжылдығының ел экономикасын дамытуда тиімді болғанын атап өте отырып, елеулі табиғи байлықтардың болуы экономикалық тұрақтылыққа кепілдік бермейтінін атап көрсетті. «Бізде барлық байлық - мұнай, газ, түсті металдар бар, бұл жақсы. Алайда нарық құлдырады, мұнай бағасы түсіп кетті. Енді қаржы бағамына тәуелді емес, басқа экономиканы, жоғары технологияларды дамытуымыз қажет», - деді Н.Назарбаев.

Индустриялық бағдарламаларды қамтамасыз ету үшін Қазақстанда орта арнаулы оқу орындары ашылуда. «Мен тапсырмаммен экономиканы кадрлармен қамтамасыз ету үшін колледждер бүкіл Қазақстан бойынша құрылуда», - деп түсіндірді ҚР Президенті. - Индустрияландыру бағдарламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салынды, тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. Осы колледж базасында қуатты техникалық кластер дамып келеді. Елімізге кен өндіру кәсіпорындарында да, өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істей алатын химик-инженерлер, білікті мамандар керек. Қажетті мамандыққа ие болған түлектер Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істей алады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Колледжде 12 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Сондай-ақ мұнда химия өндірісі саласында ашылып жатқан өндірістер үшін қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу және біліктіліктерін арттыру ісі жүзеге асырылады. Оқу орны 600 адамға лайықталған, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Колледж инфрақұрылымы оқу шеберханаларын, зертхана бөлмелерін, компьютер сыныптарын, мультимедия және лингафон кабинеттерін, компьютер залы бар кітапхананы, 200 орынға арналған жатақхананы қамтиды.

Соңғы жаңалықтар