Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің бірінші күндерінен бастап бірлігімізді нығайтып келеді - М. Жолдасбеков
«Ең үлкен жолдың өзі шағын қадамнан басталады» дейді шығыс даналығы.
Табыстылық пен тұрақтылықтың қазақстандық жолы да осындай шағын қадамдардан басталған болатын. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында барлық одақтас республикалар арасында нақ осы Қазақстанда кикілжіңдер, тіпті соғыстар орын алады деп болжанған еді. Бұл бір есептен түсінікті де. Біздің елімізде жүзден астам этнос өмір сүреді. Сол тұста тағдыры талқыға түскен адамдар, дәл бір жалаңашталған сым темір секілді, мейлінше, сезімге берілгіш еді. Ашу мен ызаның қайнар көзі тым мол болатын. Осы жағдайды пайдаланып адамдардың санасына тұман түсірушілер де көп болды. Ал енді кейбіреулер қолға қонған Тәуелсіздікпен тым шаттанып, барлығын өз дегендеріне көндіргісі келді, қалыптасқан аралас-құраластықтың көпіріне от қоймақ болды», - деп жазылған «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақалада.
Міне, осындай қиындық сәтінде дана адамның әрбір осал тұстарды қуатты күшке айналдыруға ұмтылатындығы белгілі. Біздің Президентіміз де осылай істеді. Мен сол тұста, халықтың, елдің қамы мен болашағы туралы ойлаған Мемлекет басшысының ұйқысыз түндерінің куәсі болдым. Тарихтың таңдау сәті туындаған аса жауапкершілікті кезеңінде біздің Елбасымыздың қандай даналық шешімдерін қабылдағандығы туралы үш мысалға жүгіне кетейін:
Бірінші тарих Тәуелсіздіктің бірінші жылдарындағы бетбұрысты сәттер туралы. Президент бұл тұста халыққа «Иә, біз әр-түрліміз. Бірақ біз - бір елдің балаларымыз. Біз - бір халықпыз. Тек қана бір-бірімізбен бірге, қол ұстаса отырып қана біз табысқа жетіп, жақсы өмірді орната аламыз» деген үндеумен шықты. Нақ осы ойды Мемлекет басшысы халыққа жеткізгісі келді. Міне, нақ осы тұста елімізде бірінші рет адамдарды біріктіретін сенімді құрылым құру туралы идея пайда болды. Қазақстан халықтары Ассамблеясы осылайша дүниеге келді. Шын жүректен айтылған сөз қашанда болсын шынайы ғой, ол әрдайым жүректерге жетеді. Халық Мемлекет басшысының сөзін ести алды және оған сеніп, өз Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың соңынан ерді. Бұл жолдың дұрыс та сенімді жол болып шыққандығын бүгінгі уақыт барынша дәлелдеп отыр.
Келесі жылы Ассамблеяға 20 жыл болады. Екі тарихи онжылдық бұл құрылымның сенімді әрекет еткендігін көрсетіп берді.
Екінші тарих кез келген істе жағдайды өзгертетін бетбұрысты сәттер болатындығын көрсетеді. Біздің еліміздің қалыптасу тарихында да бүгінгі күні әлемде баламасы жоқ тамаша институтқа қол жеткізуімізге себепші болған осындай сәттер болды.
Тәуелсіздіктің бірінші бес жылында маған Мемлекет басшысымен қоян-қолтық бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Президент адамдармен жиі кездесіп, әңгімелесіп, олардың сөздерін тыңдап, оны жазып та алып жүрді. Осындай бір кездесу менің есімде ерекше қалды.
Дана басшы әрдайым көреген де ғой. Бірде Нұрсұлтан Әбішұлы барлық қоғамдық қозғалыстардың белсенділерімен, соның ішінде радикалдық көңіл-күйді анық танытып жүрген белсенділермен кездесу ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Сонда Президент қатысушылардың барлығына да өз көкейлеріндегі сөздерді айтуға еркіндік беріп, бәрін де тыңдады. Сонан кейін өзі сөйледі. Бәрін де жүрекке жеткізетіндей тілмен айтып, кейбіреулерінің ойлары неге теріс екендігіне дейін түсіндіріп берді. Мемлекет басшысы сол тұста біздің тарихымызға еркін бойлай отырып, халқымыздың Тәуелсіздікке ғасырлар бойы жүріп келгендігін, бұл жолда қаншама қан мен көз жасының төгілгендігін, міне осындай аса қиындықпен қол жеткізген Тәуелсіздігімізді шайқауға болмайтындығын, кез келген күрт қозғалыс арқылы біз өз қолымызға енді тиіп отырғанын осынау қасиетті дүниемізді бүлдіріп алуымыздың мүмкін екендігін жеткізе айтты.
Радикалдық белсенділерге қарата Президент былай деді: «Әрқайсыларыңның достарың, жолдастарың, көршілерің, әр ұлттан құралған әріптестерің бар. Сіздер олармен көп жылдардан бері бірге келесіздер. Балаларыңыз да бір-бірімен достасқан. Тіпті, туысқандық қатынас орнатып үлгергендеріңіз де бар шығар. Біздің жерімізге тағдырдың айдауымен келген сол адамдардың барлығы да біздің отандастарымызға айналған. Олардың бәрінің тағдыры осылайша тарихи тұрғыдан қалыптасты. Бұған ешкім де кінәлі емес. Біз көп уақыттан бері бірге өмір сүріп келеміз. Біздің тағдырымыз да бір алашаның жіптеріндей бірігіп кеткен. Мұның бәрін бөлу дегеніміз - енді тірі ағзаны турағанмен бірдей. Сондықтан да біз енді бір-бірімізге арқамызды бере алмаймыз. Біздің күшіміз бірлікте!» деді.
Зал үнсіз қалды. Біраз уақыт өткеннен кейін барып, адамдар тіл қатыса бастады. Дәл осы сәтті мен біздің тарихымыздағы бетбұрысты сәт деп есептеймін.
Барлық табыстардың негізі - бірлікте. Президент бұл сөздерді әрдайым қайталайды. Сол кезде, Мемлекет басшысы өз сөзін аяқтай келе, былай деп атап көрсетті: «Біздің ата-бабаларымыз бізге орасан зор аумақты мұраға қалдырды. Біз - үлкен елдің иесіміз. Осының барлығын тәртіпке келтіру үшін, біздің балаларымыз, біздің өзіміз дұрыс өмір сүру үшін бізге ең бастысы тыныштық пен бейбіт өмір керек. Өйткені, еш уақытта ешбір ел соғыс пен кикілжің арқылы көктеген емес».
Залдағылардың көңіл күйіне, адамдардың бет-әлпетіне қарап, біз сеңнің бұзылғандығын байқадық. Басшылық тізгінін еркін қолға алған біздің Президентіміз халықты сенімді жолмен бастап әкетті. Бірақ та біз үлкен жеңіс дегеніміз көптеген ұсақ ерліктерден тұратындығын ұмытпауымыз керек.
Біздің Шығыста өзгерістер кезеңінде өмір сүруді ең үлкен дұшпандарына ғана тілейді деген сөз бар. Мен мұнымен келіспес едім. Бұл тіпті қарғысқа да жатпайды. Өйткені, бізге нақ осы кезеңде өмір сүрудің, үлкен өзгерістерді бастан өткізудің бақыты бұйырып отырған жоқ па?
Президенттің даналығы мен көрегендігінің арқасында Қазақстан халқы КСРО-ның көптеген елі бастан өткерген ауыртпалықтарды, қантөгісті кикілжіңдерді, қорқынышты сәттерді айналып өтті.
Үшінші тарих символизмге байланысты. Біздің халық дәстүр мен салтқа берік. Ырымға көп мән береді.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Президенттің бірінші инаугурациясында орын алған мына бір оқиға да ырымдауға лайық деп есептеймін. Сол тұста, қызмет бабына сәйкес мен осы маңызды шараны ұйымдастыруға жауапты болған едім.
Салтанатты шараның ең бір қызған тұсында, сахнада тұрған мемлекеттік туымыз аяқ астынан қисайып кетіп, құлауға айналды. Залдағылардың ах ұрған дауыстары естіліп қалды. Сол кезде туға арқасын беріп отырған Президент жалма-жан қолын созып жіберіп, құлап бара жатқан туды ұстап қалды. Біздің бәріміз куә болған осы оқиғадан ерекше бір қасиетті белгіні байқағандай болдық.
Мемлекет басшысы өзінің бірқатар сөздері мен сұхбаттарында атап көрсеткеніндей, референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуының 20 жылдығынан басқа да біздің алдымызда көптеген жарқын мерекелік шаралар күтіп тұр. Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығы, Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуы, Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы, 2016 жылы тойланатын Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуы секілді мерекелер бар. Мұның бәрі біздің халқымызды біріктіруге қызмет ететін тарихымыздың маңызды оқиғалары.
Бүгінгі күні бүкіл әлем өз дамуының күрделі кезеңін бастан өткеруде.
Дағдарыстар, кикілжіңдер, қарама-қайшылықтар әлемнің барлық өңірлеріне тереңдей енуде. Осыған сәйкес әлемнің көптеген елдерінің экономикаларында қиындықтар пайда болуда. Сондықтан да, Президентіміз әрдайым жалықпай қайталап айтып келе жатқанындай, біздің алдымызда тұрған басты міндет - бұл этносаралық келісім, тәртіп пен тұрақтылық, адамдардың өзара түсіністігі болып табылады. Бұл - біздің өміріміздің аса маңызды шарты.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің бірінші күндерінен бастап бірлігімізді нығайтып келеді. Енді міне, бастан өткен сынақтар мен қиындықтар биігінен қарай отырып, халқымыз сайлаған Мемлекет басшысының таңдап алған бағытының дұрыстығын сеніммен айтуға болады. Елбасының даналығы осындай үлкен сыннан өтті. Бүгін біз - бір халықпыз. Біз өзіміздің таңдап алған сенімді жолымызбен болашаққа қарай адымдап келеміз. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру үстіндеміз. Өзіміздің экономикамызды, әлеуметтік саламызды, мәдениетімізді дамыту үстіндеміз. Біз Мәңгілік Елді құрудамыз. Жолымыз ақ болсын!