20:54, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет басшысы Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы есептерді тыңдады
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің, Үкіметтің қаржы блогының, Ұлттық банктің және «Самұрық-Қазына» қоры басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру барысының әр бес бағыты ? қаржы секторын қолдау, құрылыс саласы, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ инновациялық-индустриялық даму бойынша есептерді тыңдады.Президентке Ұлттық қордың 4 миллиард АҚШ доллары мөлшеріндегі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бөлінген қаржысы екінші деңгейлі банктерге аударылғаны туралы баяндалды. Мемлекет басшысы бұл ақшалар делдалдардың саны мейлінше аз болып, заемшілерге жетуі тиіс екендігін тағы да атап көрсетті.Елбасы отандық өндірушілерді, атап айтқанда, мемлекеттік тапсырыстарды бөлудегі олардың басымдығы, сондай-ақ шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардағы қазақстандық мазмұнды арттыру арқылы қолдау қажеттігіне ерекше назар аударды. Премьер-Министрдің орынбасары Ө.Шөкеевке және «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Қ.Келімбетовке бұл мәселені жеке бақылауларына алу тапсырылды.Мемлекет басшысы сондай-ақ жұмыссыздықтың өсуін, отандық және Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындарда жұмыс орындарының қысқаруын болдырмауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Кеңесте ауыл шаруашылығын қолдау мәселелеріне үлкен көңіл бөлінді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдеушілердің қаржы айналымына мұқтаждықтарын барынша тез қамтамасыз ету қажеттігін атады. Үлестік құрылыс проблемаларын шешу бойынша қызметтердің нәтижелері туралы Үкіметтің есебін тыңдағаннан кейін Президент осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің енгізілгеніне қарамастан ағымдағы жағдайда бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы туралы мәселенің айрықша маңызына назар аударды.Президент орталық және жергілікті атқарушы органдардың шығыстарын қысқарту, сондай-ақ дағдарысты еңсеру кезеңінде республикалық және жергілікті бюджеттер барынша үнемді болуы тиіс екендігін ескерте отырып, түрлі атаулы күндерге арналған ауқымды іс-шаралардың санын төмендету қажеттігін атап көрсетті.Н.Назарбаев теңгені одан әрі девальвациялау немесе деноминациялау туралы және белгілі бір банктердің лицензияларын жою жөніндегі қауесеттерді жоққа шығарды, мұндай түбегейлі қадамдарға баруға ешқандай алғышарттың жоқ екендігін атап өтті.