Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдалану секторындағы сыбайлас жемқорлық мәселелерін атап өтті

Қазақстан Президенті жаңа Салық кодексі жобасынан тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтарды алып тастау қажеттігін тағы да ескертіп, бұл мәселе жөнінде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өңірлік электр жүйелері компанияларын ірілендіру жөніндегі заңды орындаудың маңызды екеніне назар аударды. Оның нәтижесінде тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасы төмендеуге тиіс.
- Экспорттық тауарлар жасау және әлемдік нарыққа шығу үшін қайта өңдеу секторына кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту міндеті қойылған болатын. Былтыр «Тенарис», «ЭФКО» және «Кока-кола» компаниялары іске асырған 3 бірлескен жоба ғана іске қосылды. Бұл ретте, кока-кола шығаратын компания елімізде өткен ғасырдан бастап жұмыс істеуде, - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев «ірі инвесторлардың» қатысуымен экономиканың басым секторларындағы жобаларды іске асыру тұрғысынан соңғы 2 жылда айтарлықтай ілгерілеушілік болмағанын айтты.
- Бұл жөнінде жыл сайын айтып келеміз. Әлі күнге дейін стратегиялық инвестормен бірге осы салада бірде-бір жоба іске асырылған жоқ. Арнайы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясын құрдық. Оған айрықша мәртебе беріп, барлық өңірде өкілдіктерін аштық. Жарты жыл өтті, нәтижесі қайда? - деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Премьер-Министрге инвесторлар тарту жөніндегі жұмыстарға жауапкершілік белгілеу жүктелді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен оның институттарының бұдан арғы жұмыс жоспары мен перспективаларына тоқталды.
Мемлекет басшысы Үкімет қабылдаған шараларға қарамастан, жер қойнауын пайдалану секторында орын алып отырған сыбайлас жемқорлық мәселелеріне тоқталып, бұл саладағы заңнаманы қайта қарастыруды тапсырды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарын одан әрі іске асыру үшін биліктің барлық тармағының алдында тұрған ауқымды жұмыс көлемін айқындап берді.
- Конституциялық реформа аясында Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігі мен бақылануы күшейтілді. Кез келген басшы жауапкершілікті басқаға аудармай, мәселені өз деңгейінде жедел әрі біліктілікпен шешуге тиіс. Ағымдағы мәселелерді Президенттің деңгейіне шығарудың қажеті жоқ, - деді Елбасы.
Кеңеске Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин, Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар жетекшілері қатысты.
Кеңес барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Тәжин, Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров баяндама жасады.