Мемлекет басшысының атына Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына байланысты ТүркПА бас хатшысынан пікір білдірген хат келді

Бұл туралы бүгін «Егемен Қазақстан» газеті «Болашаққа бастайтын маңызды құжат» деген материалда жазған.
«Биылғы Жолдау елді болашаққа бағыттайтын маңызды ұзақ мерзімді бағдарламалық құжаттардың қатарына жатады. Онда мәні ерекше жаһандық және ішкі қауіп-қатерлерге нақты жауап берілген», - деп жазады хат иесі.
Рамиль Гасановтың хатында одан әрі былай делінген: «Халықаралық қатынастарға арналған бөлім менің қызығушылығымды оятты. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша жүзеге асырылып жатқан көптеген бастамалармен қатар, түркі әлемінің интеграциясы идеясының алар орны мен үшін тым ерекше. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы құрылып, сәтті дамып келеді. Интеграциялық үдерістердің аясында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы сияқты құрылымдар құрылып, жұмыс істеуде. Ал 2012 жылы Астана Түркі әлемі мен ТМД-ның мәдени астанасы атанып отыр. Осы орайда, 2011 жылғы сәуір айында Астанада ТүркПА-ның екінші пленарлық отырысы өткенін және Ассамблеяға төрағалықты қазақстандық тараптың қабылдағанын атап айтқан жөн».
Хат соңында: «Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың барлық бағыттары бойынша белгіленген міндеттерді орындайтынына, экономиканы нығайтып, қоғамды тұрақтандыратынына және халықтың әл-ауқатын арттыра түсетініне күмән келтіруге болмайды», - делінген.