Мемлекет басшысының «көлеңкелі экономикамен» күреске көңілі толмады

Былтырғы кеңесте жүктелген тапсырмаға тоқтала келе, Елбасы олардың біразы орындалмай отырғанына да тоқталған болатын. «Мәселен, мен айтқан салмақты мәселелердің бірі «көлеңкелі экономикамен» күрес болатын. Нақты ештеңе істелген емес, бұл туралы тікелей тапсырма министр Досаевқа жүктелген еді. Қане, не айтасың?» - деген Н. Назарбаев экономика министрінің уәжін де тыңдады.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазір «көлеңкелі» жағы басым экономиканың төрт секторына баса назара аударылып отыр. Бұлар - сауда, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы мен мемлекеттік сатып алумен байланысты мәселелер. «Біз осы бағыттағы нақты шаралар пакетін әзірледік», - деді Ерболат Досаев.
Дегенмен, Президент Н. Назарбаев «көлеңкелі» экономиканың бюджетті айналып өтетінін, олардан салық түспейтінін атап өтті. «Миллионға жуық адам «көлеңкелі» экономика секторында жүр. Бұған аса байқап бару керек, олардың заңды жұмысына жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта Алматыда, Оңтүстік Қазақстан облысында дұрыс жұмыс жасалып жатыр деп ойлаймын. Дегенмен, әлі де жұмыс көп», - деді Елбасы.
«Ресми дереккөзге сүйенсек, «көлеңкеде» жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі «тығылып» жатыр. Ал басқа мәліметтерге сенсек, бұл көрсеткіш бұдан екі есеге дейін артық болуы мүмкін. Бұның өзі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауға болатын бюджетке түспеген салықтарды білдіреді. Экономикадағы «жалған кәсіпкерліктің» дамуы да, экономикалық қылмыстардың негізі де осы «көлеңкелі» экономикада жатыр. Сондықтан да, Үкіметке осы мәселелер бойынша нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырамын», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, ондай ұсыныстар наурыздың 15-іне дейін әзірленетін болады.