13:33, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет дағдарыспен күресуге көмектесуде
АСТАНА. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат /Жан Қожамқұлов/ - Мемлекет отандық экономиканың тұрақсыздығына жол бермейді. Бұл туралы бүгінде Қазақстанда ең биік мінбелерден айтылуда.
Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы ұйымдары мен қаржы нарығын қадағалау агенттігінің бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру аясындағы қабылданған соңғы шешімдердің негізгісі - халықтың ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру және шағын және орта бизнес субъектілері үшін несие шарттарын жақсарту туралы Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмалары болды.Ипотеканы жоғары пайызбен алғандар, жақын күндері өз ипотекалық несиелерін, бюджетшілер үшін -9 пайызға дейінгі ставкамен, қалған азаматтар үшін -11 пайызға дейінгі ставкамен қайта қаржыландыра алады. Айта кетейік, бұл бағдарламаға кіру үшін банктерден тұрғын үйге ипотекалық несие алған азаматтың пәтерінің аумағы - 120 шаршы метрден аспауы тиіс және ол оның басындағы жалғыз баспанасы болуы шарт. Осы екі шарт орындалған жағдайда, ипотекалық несие алған әрбір азамат қайта қаржыландыруға өтініш бере алады. Сонымен бірге, үкіметтің шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеу ставкасын 14 пайыздан 12,5 пайызға дейін төмендету мәселесін де қарастырып отыр. «Өздеріңізге мәлім, дағдарысқа қарсы шаралар шағын және орта бизнеске нақты қолдау көрсетуді қарастырып отыр. Бұл секторға, бүгінде банктер бере алмайтын несиелер берілуде. Мемлекет 1 миллиард доллар бөліп отыр. Бұл соманың 70 пайызы қолданыстағы несиелерді 12,5 пайызбен қайта қаржыландыруға беріледі. Бірақ, талаптар, бұрынғыдан қатаңдау болатынын айта кету керек. Қаражаттың қайтарылуы кепілдендірілуі керек», деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 12-сінде «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде. Шағын және орта бизнес субъектілеріне берілетін несиенің ең үлкен мөлшері 750 миллион теңгеге дейін арттырылып, ал несиелендіру мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ мемлекет ставкаларды төмендетуге арналған қаражаттар өтетін банктерді де анықтап отыр. «БТА ипотекалық несиені қайта қаржыландырудың негізгі операторының бірі болады. Бұл мақсатқа БТА арқылы 43 миллиард теңге бөлінеді. «Альянс банк» шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі негізгі оператор ретінде анықталады. Бұл мақсатта «Альянс банк» арқылы 18 миллиард теңге өтеді, деп хабарлады Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Ұлттық банк жасаған тағы бір маңызды қадам теңге бағамын түзету болып отыр. Бұл қиын да болса, аса қажетті дағдарысқа қарсы қадамға, өздерінің ұлттық өндірушілерін қорғау үшін бүгінде барлық дерлік мемлекеттер барып отыр, олардың қатарында АҚШ, Еуроодақ, Ресей, Қытай бар. Қазақстан ұлттық валюта бағамының тұрақтылығын өзгелерден ұзақтау қамтамасыз етіп келді, осының нәтижесінде ел азаматтары әлемдік дағдарыстың алғашқы соққыларына аз шығынмен төтеп бере алды. Әрі қарай теңге бағамын жасанды жолмен ұстап тұру аса қауіпті болды. Біздің көршілеріміз Ресей, Украина және Қытай өз ұлттық валюталарының бағамын нақтылап қойды. Егер, біз теңгенің бағамын әлі де ұстап тұратын болсақ, қазақстандық экономиканың нақты секторы өнімдері біздің тауарларымыздан 30 пайызға арзандаған аталмыш және басқа да елдердің өндірушілерімен бәсекеге қабілетсіз болып қалатын еді. Ал мұның салдары қазақстандық өндірушілерді банкротқа ұшыратып, жұмыс орындарының қысқаруына және жұмыссыздықтың өсуіне әкелетін еді. Бұл туралы Елбасы «Нұр Отанның» Саяси кеңес Бюросының кеңейтілген отырысында мәлім етті. Мемлекет басшысы теңгенің девальвациялануы басқа да мақсаттарға ауадай қажет, еліміздің алтын- валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік бергенін атап көрсетті.