18:58, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет дағдарыстың салдарын жұмсарту үшін барлық шараларды қолға алуда ? Сенатордың Жамбыл облысы тұрғындарымен кездесуі
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Александр Савченконың аймақтың еңбек ұжымдарымен кездесулері өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сенатордың айтуынша, сапар мақсаты - өзі сайланған аймақ сайлаушылары мен тұрғындарының назарына Үкіметтің әлемдік дағдарыс салдарын еңсеру жөніндегі шараларын жеткізу. Сенатор дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды, бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің ережелеріне түсінік берді, Сенат депутаты ретінде жасауға өзі алғаш рет қатысқан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры туралы қабылданған құжатқа арнайы тоқталды, банк жүйесіндегі жағдайға шолу жасады. «Мен кәсіпорынды одан әрі жаңғыртуға баса назар аударылып отырғанын, жұмысшылар сындарлы іс-қимылға әзір екенін көріп отырмын», - деді А.Савченко Тараз металлургиялық зауыты жұмысшыларымен кездесуінде. Минералдық тыңайтқыштар зауыты («Қазфосфат» ЖШС филиалы) ұжымымен кездесуде қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғайтын аймақтық деңгейдегі меморандумдар жасалғаны атап көрсетілді. Парламент Сенатының депутаты А.Савченко жамбылдық кәсіпорындар жұмысшыларымен кездесуде олардың қойған барлық сұрақтарына жауап қайтарды. «Мемлекет дағдарыс салдарын жұмсарту, халықтың тұрмысын жақсарту үшін қолдан келген барлық шараларды алып жатыр. Сіздер осы қамқорлықты жұмыс орнында, өз отбасыларыңызда сезінулеріңізге тілектеспін», - деді сенатор сөзінің қорытындысында.