Мемлекет екі банкті тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін пайдаланатын болады - Премьер-Министр

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат – Банк жүйесінің орнықтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «БТА банк» АҚ және «Альянс Банк» АҚ сияқты жүйе құрушы екі банкті бақылауына алғанын бұдан бұрын хабарлаған болатын.
None
None
Бұл банктерді мемлекеттің қарамағына алып қою емес, уақытша шара екендігін үкімет өкілдері айрықша атап көрсетіп отыр. ҚазАқпарат осы тақырып бойынша ақпараттық-анықтамалық материалды назарларыңызға ұсынады. «БТА банк» АҚ бойынша бұл шара банкті мемлекеттің қарамағына қарату емес, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл уақытша шара және мемлекеттің акционерлер құрамынан біртіндеп шығу мәселесі қарастырылған. «Халық банкі» «БТА банк» АҚ-ына ликвидтілігін сақтай алуы үшін жеткілікті көлемде қысқамерзімдік займдар беруге дайын екенін білдіріп отыр. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры акциялар пакетінің бір бөлігін беру туралы әлеуметтік стратегиялық инвесторлармен келіссөзді бастағалы отыр. Атап айтқанда, қазір Ресейдің Жинақтаушы банкінің өкілдерімен алдын-ала келіссөздер жүргізілуде. «Альянс Банк» АҚ бойынша: банктің толымды ликвидтілігін қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» Қоры «Альянс Банктің» Ұлттық банктегі корреспонденттік шотына 200 миллион доллар мөлшерінде қаражат аударды. Ұлттық банк «Альянс Банк» АҚ-ына ликвидтілігін сақтай алуы үшін жеткілікті көлемде қысқамерзімдік займдар беруге дайын екенін білдіріп отыр. Бұл шара да банкті мемлекет меншігіне айналдыру емес, себебі акциялар негізгі акционердің өз бастамасы бойынша сатылуда және ол туралы сәйкес келісімшарт жасалды. Үкімет басшысы өз сөзінде атап көрсеткендей, бұл екі банкті мемлекет тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін пайдаланатын болады. Банктердің тармақталған желілері мен құрылымдары мемлекет бөліп отырған қаражатты нақты тұтынушыларға: кәсіпкерлерге, құрылыс жүргізушілерге, фермерлерге жедел жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Үкімет басшысы айтқандай, «Альянс Банк» қызметін ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды қаржыландыруға, ал «БТА банк» қызметін Алматы мен Астана қалаларындағы құрылыс саласын қаржыландыруға бағыттауға болады. Тағы бір маңызды мәселе, Үкімет бұл қадамымен халықтың аталған банктерге ақша салымдарын қамтамасыз етіп отыр. Мемлекет республика азаматтарының аталмыш банктерде жатқан салымдарының сақталуына және қайтарылатынына кепілдеме беріп отыр. Аталмыш банктер бойынша шешім қабылдаған Үкімет, елдегі экономикалық жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын көрсетті. Проблемалы банктерді басқару ісіне мемлекеттің араласуы банктердің қарыз алу саясатын реттеу қажеттілігімен негізделіп отыр. Егер несиелік мекеме клиенттер мен басқа несиегерлердің алдындағы міндеттемелерін орындауға дәрменсіз болса, онда оны қамтамасыз етілмеген тәуекелдерге бару мүмкіндігінен айыру керек. Бұл банктерді мемлекеттік бақылауға алу шарасы үкіметке ең жоқ дегенде, екі маңызды экономикалық нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Еліміздің банк жүйесі «ұйып қалған» және «дәрменсіз» банктерден тазарады, ал халық өз салымдары үшін уайымдамайтын болады. Банк қожайындарының ауысуы алаяқтық операцияларға емес, өз банк жүйесін дамытуға бағытталған кәсіпқой басқарушы командалардың келуіне негіз болады. Алыпқашпа әңгімелердің барлығы - жағдайды нақты ұғынбаудың салдары немесе өз мүдделерін ойлап, үкіметке қысым көрсетуге талпынып отырған бүлдіргі күштердің арандату әрекеттері. Барлық банктердегі халық депозиттеріне мемлекет кепілдік беріп отыр. Заңнама бойынша, теңге және шетелдік валюта түріндегі 5 миллион теңге мөлшерге дейінгі халық салымдары мемлекеттің кепілдігімен қамтылып отыр. «Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктеріне орналастырылған депозиттерді міндетті кепілдендіру туралы» Заң, депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесіне қатысушы банк мәжбүрлеп жабылған жағдайда, салымшылардың - жеке тұлғалардың кепілді өтем алу құқықтарын бекітіп берді. Қазақстанның Депозиттерді кепілдендіру қоры депозиттер бойынша қалған соманы (бірақ 5 миллион теңгеден аспайды) есептелген сыйақы төлемінсіз кепілмен төлеп отыр. Депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесіне барлық банктер қатысуда. Бұл банктерді мемлекеттік бақылау - еліміздегі банк жүйесінің жұмыс тиімділігін қамтамасыз етуге негізделген Үкіметтің тағы бір тұрақтандырушы шарасы болып табылады. Бұл шара дағдарысқа қарсы іс-шаралар кешенін, оның ішінде азық-түлік қорын арттыру, шағын және орта бизнесті қаржыландыру, екінші деңгейлі банктер арқылы құрылыс секторын қолдау сияқты Үкіметтің талаптарын толықтырып, оларға қосымша ликвидтілік беріп отыр. Банк жүйесінің жұмыс тиімділігі, яғни оның экономиканың нақты секторын несиелеу қызметін табысты атқара алу мүмкіндігі - Үкімет қабылдап отырған тұрақтандыру бағдарламасының барлық шараларының орындалуына негіз болады деген сөз. Мемлекет жасап отырған қадам - банк секторын өзіндік санациялау амалы болып табылады. Сөзсіз, банк жүйесі салауатты болуы керек. Бұл - дағдарыс жағдайында тек күштілер, өз саясатында қандай да бір кемшіліктер болса, оны қайта құруға ниеттілер ғана нәтижеге қол жеткізеді деген сөз. Жоғарыдағы шаралар банкті мемлекеттің меншігіне қарату үшін жасалып отырмағанын, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл уақытша шара екенін және онда мемлекеттің акционерлер құрамынан біртіндеп шығу мәселесі қарастырылғанын тағы да айтып өткіміз келеді.
Соңғы жаңалықтар