Мемлекет Gosagro сайтына жыл сайын 150 млн теңге жұмсап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін техникалық сүйемелдеуге қанша бюджет ақшасы жұмсалатынын айтты.

 Абай облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында жаңа жобалар жүзеге асырылмақ
Фото: ОКҚ баспасөз қызметі

Вице-министр журналист сұрағына берген жауабында аталмыш жүйе биыл іркіліссіз жұмыс істеп тұрғандықтан, субсидиялар уақытында беріліп жатыр деп есептейтінін айтты.

«Жүйе биыл іркіліссіз жұмыс істеді. Шаруалардың бәрі субсидиясын уақытында алып жатыр. Қазіргі ережені өзгерту бағытында мәселе бар. Бірақ дәл қазір жүйе ережелер бағытында бүкіл талаптарға сай», - деді ол.

Оның айтуынша, 90 мың қолданушысы бар сайттың жұмысын техникалық сүйемелдеу үшін біршама қаражат кетіп жатқан көрінеді.

«Ал жүйені сүйемелдеу қанша шығын кетіп жатыр дегенге келсек, биыл шамамен 150 млн теңге бөлінген. Яғни, оның қызметіне 90 мың қолданушы жүгініп отыр. Ішінде қаржы институттары, ауыл шаруашылығы басқармалары, несие серіктестіктері, субсидияның барлық бағыты кірген. Яғни бұл ақша жүйені техникалық жағынан сүйемелдеуге жұмсалады. Оның ішінде жергілікті орындарда да қолдау көрсету керек болып жатады», - деді  Бернат Алпысбеков.

Былтыр Мәжілісте аталмыш порталдағы іркілістердің кесірінен фермерлердің 90%-ы тиісті төлемнен қағылғаны туралы проблема көтерілген еді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес бүгінде субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы 6,1 млрд теңгеге 1,5 мың өтінім мақұлданған. Ал өткен жылы 57,5 млрд теңгеге мақұлданыпты. Осылайша өткен жылмен салыстарғанда небәрі 10 пайыздан аса сома ғана төленгенін көріп отырмыз. Бұл дегеніміз фермерлердің 90%-ы gosagro.kz жүйесінің жұмысынан тиісті төлемдерді ала алмады. Сонымен қатар 51,4 млрд теңге ел экономикасын толықтырған жоқ», - деген болатын депутат Айдарбек Қожаназаров.

Соңғы жаңалықтар