Мемлекет интеллектуалды меншікті қорғай отырып, ғылыми-техникалық және шығармашылық прогреске жол ашады - Әділет министрі Берік Имашев

АЭФ аясындағы диалогтың дамуына ҚР Әділет министрлігінің қандай үлес қосатындығы туралы ведомство басшысы Берік Имашев біздің тілшілерімізге айтып берген еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Берік Мәжитұлы, Астана экономикалық форумының алдында қандай міндеттер тұр?
- Өздеріңіз білесіздер, 2008 жылдың аяғында әлемнің барлық елдерін қаржы-экономикалық дағдарыс дүмпуі шарпып өтті, оның әсері Қазақстанға да тиді. Осының нәтижесінде әлемдік экономикалық реформалардың диалогын біріздендіру үшін құрамына Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Ресей, АҚШ, Франция және Жапония үкіметтері кіретін «G-8» - «Үлкен сегіздік» форматын және әлемнің 20 экономикасының өкілдері ретінде қаржы министрлері мен орталық банктердің басшылары кеңесі «G-20» халықаралық форматын құрып отыр. Алайда, біраз уақыт өткен соң бұл форматтар дағдарысқа қарсы бағдарламаларды одан әрі алып жүруге жеткіліксіз болып қалды. 2011 жылдың соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев диалогтың жаңа форматын ұсынды, ол қазір «G-GLOBAL» деген атпен белгілі.
Бұл жобаны әлемдік қауымдастық толық мойындады, сондықтан ол Астана экономикалық форумының аясында алғаш рет сыналды. Бұл форумның негізгі мақсаты экономист-ғалымдар мен практиктерді, бизнес өкілдері мен халықаралық ұйымдарды қатыстыра отырып, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және мәдени мәселелерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастыру болып табылады. V Астана экономикалық форумында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті «Бүгінде басқа елдердің тиімді даму тәжірибесін білу және соны пайдалану өте маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстан мұндай әріптестікке әрдайым әзір. Өзі үйренуге және барлық достарымен білгендерін бөлісуге дайын», - деді.
Бұл идеяны жүзеге асыру мақсатында «G-GLOBAL» атты коммуникативтік Интернет-алаң іске қосылды. Ол диалог диапазонын айтарлықтай кеңейтіп, қатысушылар қатарын он шақты есе көбейтті. «G-GLOBAL» алаңында әлемдік экономика мен валюталық-қаржылық жүйені қайда құру, инновациялық даму мәселелерін шешу, ядролық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, этносаралық және дінаралық толеранттылықты қалыптастыру мәселелері, геосаясат және басқа да аспектілер күн сайын қызу талқыланып жатады.
- Астана экономикалық форумында Әділет министрлігінің қандай бастамалары қолдау тапты?
- Қазақстан халқына 2007 жылы 28 ақпанда жолдаған «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында Президент: «Интеллектуалдық меншік пен сауда маркаларын қорғауды нығайта отырып, технологиялық сектордың дамуына ықпал ету қажет. Танысуға және қаржыландыруға қолжетімді инновациялар мен патенттер банкін құру керек», - деп атап өткен.
Сонымен қатар, 2012 жылдың 14 желтоқсанында жасаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Мемлекет басшысы авторлық құқық пен патенттерді реттейтін заңнамаларды тексерістен өткізіп, бұған дейін берілген барлық патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды коммерциялау мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.
Интеллектуалдық меншіктің әлемдік экономикадағы рөлі артып келе жатқанын ескере отырып, Әділет министрлігі жыл сайынғы Астана экономикалық форумына белсене қатысады. Мәселен, 2012 жылы V Астана экономикалық форумы аясында министрлік Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының қолдауымен «дөңгелек үстел» және дискуссияға арналған ашық алаң форматында «Экономикалық дамудағы интеллектуалдық меншіктің орны» атты Панельдік сессия өткізген болатын. Сондай-ақ, V Астана экономикалық форумы шеңберінде «Шапағат» өнертапқыштар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді.
- Биыл VI Астана экономикалық форумы шеңберінде өткізілетін қандай шараларға Әділет министрлігінің қатысуы жоспарланған?
- Интеллектуалдық активтер қазіргі заманғы экономиканың негізгі қозғаушы күші, олар әлем елдерінің жоғары қарқынмен дамуына ықпал етеді. Әлемдік нарыққа толыққанды интеграциялану интеллектуалдық меншіктің құқын қорғау жүйесін дамытпайынша мүмкін емес. Қазақстанның дәл қазіргі даму кезеңі үшін интеллектуалдық меншікті қорғау ең басты тапсырмалардың бірі. Сонымен қатар, Интернет желісіндегі авторлар мен қолданушылардың құқығын қорғау тек Қазақстанмен шектеліп қалмай, жаһандық проблемаға айналып отыр. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін халықаралық тәжірибені зерделеу қажет, аталған тақырып бойынша ортақ шаралар қабылдау үшін халықаралық дәрежедегі сарапшылардыы шақыру керек. Осы орайда Әділет министрлігінің бастамасымен VI Астана экономикалық форумы шеңберінде «Интернет желісіндегі интеллектуалдық меншік құқығын қорғау: проблемалары мен перспективалары» атты панельдік сессия өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар айта кету керек, аталмыш форум шеңберінде өнертабыс саласын дамыту және үгіт-насихат жұмыстарын жетілдіру, аталған салаға инвестиция тарту мақсатында министрлік «Шапағат» өнертапқыштар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізбек. Бұл конкурс әділет, білім және ғылым, индустрия және сауда министрлерінің бірлескен бұйрығымен бекітілген Ереже бойынша өткізіліп келеді. Бұл сайысқа инновациялық патенттер алған ұлттық патент иелері қатысады. Онда түрлі өндірістік сала бойынша бәсекеге қабілетті, техникалық деңгейі жоғары, өндірісте пайдалы өнер табыстары өзара жарысқа түседі.
- Талқылау үшін неге дәл осы тақырып таңдалып алынды?
- Ғаламтор желісінде ғылым, білім, әдебиет, өнер саласындағы, мәселен фильмдер, фонограммалар, суреттер, компьютерлік бағдарламалар секілді сандық форматтағы өнімдер көптеп кездеседі. Оларды кез келген адам авторының рұқсатынсыз пайдалана береді, соның нәтижесінде жеке және заңды тұлғалардың құқығы бұзылады. Мұндай құқықбұзушылықтар қылмыстық-құқықтық немесе азаматтық-құқықтық болады, сондықтан бұзылған құқықты қорғау әрекеті де түрлі құқықтық әдістермен жүргізіледі. Ғаламтордағы авторлық құқықты қорғау мәселесі бүгінде барлық елдерде өте өзекті тақырып болып тұр. Ақпарат алмасу саласындағы көптеген халықаралық актілер осы мәселеге көп назар аударады.
Менің ойымша, бұл мәселені талқылау үшін әлемдік ғалымдар, сарапшылар мен саясаткерлердің күштері біріктірілген «G-GLOBAL» алаңының әлеуетін пайдаланған өте орынды болар еді.
- Биылғы жылы интеллектуалдық меншік саласында Қазақстан әділет органдарының алдында қандай міндеттер бар?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, Мемлекет басшысы осы саланың заңнамасын тағы бір мәрте тексерістен өткізіп, бұған дейін берілген патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды қайдадан сараптап шығуды тапсырды. Елбасының биылғы Жолдауын іске асыру шараларының Жалпыұлттық жоспары аясында бұған қатысты барлық нәтижелер Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жолданған.
Жалпы, менің ойымша, тиімді инновациялық даму мақсатында интеллектуалдық меншікті қорғаумен бірге авторлардың өздеріне тиесілі нысандарын коммерциялауға үйрету қажет. Қазір интеллектуалдық меншікті қорғау саласындағы ұлттық заңнамамыз әлемдік заңнамалармен бір ізге түсірілген.
Сонымен қатар, аталған саладағы заңнаманы одан әрі дамыта түсу қажет. Осыған байланысты биыл сәйкесінше заңнама дайындау жоспарланған. Құрамына мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енген жұмыс тобы құрылған.
Мемлекет басшысының алдымызға қойған ДСҰ-ға ену, индустриялық-инновациялық даму, әкімшілік кедергілерді азайту, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына қосылуы сияқты тапсырмаларын орындау барысында біз өз қызметіміздің негізгі бағытын нақты анықтап алдық. Интеллектуалдық меншік нысандары күннен-күнге елдің экономикалық әлеуетін көрсететін ең бағалы ресурсқа айналып келе жатқанын барлығымыз жақсы білеміз.
Мемлекет интеллектуалдық меншікті қорғай отырып, экономикасын нығайту және халықтың әлеуетін көтеру жолында ғылыми-техникалық және шығармашылық прогреске жол ашады.
- Әңгімеңізге рахмет.