17:39, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет кәсіпкерлерді тағы да қанатының астына алды, ендігі сөз бизнестің белсенділігінде
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет биыл да шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге мораторий жариялады. Оның сейсенбідегі отырысында қабылданған қаулы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға осы жылғы ақпанның 17-сі мен шілденің 1-і аралығында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге тыйым салынды.
Сөйтіп бұл сала қатарынан екінші жыл мемлекеттің қамқорлығына бөленіп отыр. Есте болса, елімізде 2008 жылғы ақпанның 21-інен бастап жыл соңына дейін құзырлы органдарға кәсіпкерлердің кәсібіне килігулеріне тосқауыл қойылған болатын. Дағдарыс Қазақстанды да қыспаққа ала бастаған тұста қабылданған ол шешім қазіргі уақытта өзінің дұрыстығын дәлелдеп отыр. Бұлай дейтініміз, кәсіпкерлер жыл бойына қызметтерін алаңсыз жүргізу мүмкіндігіне ие болды, сөйтіп тапқан-таянғандарының біршама бөлігін қажеттеріне жаратып, кәсіптерін дөңгелетуге жұмсады. Бұл өз кезегінде мыңдаған адамдардың еңбекпен қамтылып, тиісінше жұмыс орындарының қысқармауына жол ашты. Ал Үкімет болса шағын және орта бизнестің көсегесін көгерту үшін келешекте жұмысты қайтіп жүргізу керектігін мұқият саралап, бағыт-бағдарын нақтылап алды. Хош, сонымен биылғы мораторийдің мақсат-мүдделері қандай?
Мораторийді енгізу екі мақсатты көздейді. Біріншісі - уақытша экономикалық қиындықтар кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдау, екіншісі - мораторий уақытында кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан бақылау жүйесін оңтайландыру мәселесін пысықтап алу. Алайда мораторий жарияланды екен деп, кәсіпкерлердің мемлекет пен қоғамның мүддесіне қайшы келетін амалдар жасауына жол берілмейтінін бірден ескерткіміз келеді. Себебі, биылғы мораторийдің кейбір шетін дүниелерге қатысты «қақпаны» да бар. Мәселен, бұл мораторийдің салық төлеушілердің өтініштері негіз болып табылатын салықтық тексерулерге; қарсы салықтық тексерулерге және хронометраждық зерттеулерге; қылмыстардың жолын кесу мақсатында заңнамаға сәйкес жүргізілетін тексерулерге; қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын бұзуға бағытталған іс-қимылдардың алдын-алу үшін жүргізілетін тексерулерге күші жүрмейді. Сонымен қатар, еліміздегі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық игілігіне, жер қойнауын пайдалануға, ветеринария саласына қатысты нормаларға, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының, облыстық маңызы бар қалалардың төңірегінен жер беру мәселесіне қатысты жүргізілетін тексерулерге де мораторий тосқауыл бола алмайды. Мұның барлығы, әрине, ең алдымен мемлекетіміздің мүддесін қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету тұрғысында жасалып отырған дүниелер екендігін әркімнің де түсінгені абзал. Ал тұтастай алғанда, мораторийдің қатарынан екінші жыл енгізілуін мемлекет пен бизнес арасындағы өзара пайдалы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгені деп санау қажет. Мұндай ынтымақтастық ел экономикасы сын тезіне ұшырап отырған қазіргі уақытта қоғам үшін аса қажет. Өйткені осылай өзара түсіністікпен жұмыс жасай отырып, Үкімет пен бизнестің әрқайсысы қоғам игілігі үшін өздеріне біршама жауапкершілік алып отыр. Мәселен, Үкімет мораторий уақытында мемлекеттік органдарға бизнестің қызметіне килікпеуді ұсына отырып, бизнесті жүргізумен байланысты барлық әкімшілік тосқауылдар мен шектеулерді алып тастайды, шағын кәсіпорындардың жұмыс істеуін жеңілдетеді, оларға тексеруші органдармен өзара әрекеттесуге уақыт жұмсамай, қайта алтындай уақыттарын пайда табуға және тауар айналымын үдетуге пайдалануға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бизнес-қоғамдастық мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қазіргі қиын кезде кәсіпорындарды, жұмыс орындарын, жұмыскерлерінің табыстарын бұрынғы деңгейде сақтауға міндеттеме алып отыр. Сонымен қатар, бизнес-қоғамдастық дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы тұрақтандыруға және одан арғы өсімге қажетті іскерлік белсенділікті сақтап қалуға жауапты. Бизнесті асқан жауапкершілікпен жүргізіп, заңнамаға сәйкес бюджетке барлық салықтарды толық төлеуге айрықша жауапкершілікпен қарайтын болады. Осы тұста «салыққа» қатысты бірер сөз айтпасқа болмайды. Жуырдағы «Нұр-Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген мәжілісінде Елбасы Үкіметке мораторийдің мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды тапсыра отырып, кәсіпкерлерге базына айтқан болатын. Президент былтырғы мораторийді пайдаланып, көптеген кәсіпкерлердің қазынаға салық төлемегендеріне тоқталды әрі бизнес өкілдеріне ендігәрі мұндай бассыздыққа жол бермеуді қатаң ескертті. Елбасының сол сөзі түрткі болды ма, Министрлер кабинетінің отырысында мораторийге байланысты қаулы қабылдардың алдында Үкімет мүшелері де кәсіпкерлердің кейбір кертартпа істеріне қынжылыстарын білдірді. Мысаыл, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, былтырғы мораторий кезінде қала бойынша шағын бизнес субьектілерінен түсетін салықтың көлемі 1 млрд. теңгеге азайып кетіпті. Осыған тоқталған әкім мораторий кезінде мемлекеттік органдарға қойылатын талапты қатаңдатып, ендігі жерде салық жинау мәселесіне мықтап назар аудару қажеттігін алға тартты. Өз кезегінде «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев кәсіпкерлердің жауапкершіліктен қашпайтындарын жеткізіп, бұл шетін мәселе бойынша бел шеше жұмыс істейтіндеріне сендірді. Еліміздің заңына сәйкес, салық төлеу әрбір жеке және заңды тұлғаның міндеті. Олай болса, кәсіпкерлер қауымы ендігі жерде өздерінің тарапына айтылған сыннан қорытынды шығарып, барынша адал жұмыс істейді деген сенімдеміз. Өйткені шағын және орта бизнес субьектілері мемлекет тарапынан өздеріне көрсетіліп жатқан қамқорлыққа «қамқорлықпен» жауап қатқаны жөн. Мемлекеттің кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан көмегі бір бұл ғана емес. Шағын және орта бизнесті қолдау Қазақстан Үкіметінің тұрақтандырушы бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мәселен, 2007-2008 жылдары Үкімет республикалық бюджеттен осы саланы қолдауға 126,8 млрд. теңге бөлді. Соның арқасында еліміздің әр аймағында жүздеген жобалар іске қосылып, бизнестің бәсі арта түсті. Ал Үкіметтің 2009-2010 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» қоры арқылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін 1 млрд. доллар бөлінгені белгілі. Бұл қаржының 70 пайызы саланың ағымдағы жобаларын қайта қаржыландыруға бағытталатын болса, 30 пайызы жаңа жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Шағын және орта бизнесті несиелеу жөніндегі барлық бағдарлама екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылатын болады. Осы орайда жақында Алматыда «Самұрық-Қазына» қоры мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 12 банкпен келісімге отырды. Ол бойынша мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін 117 млрд. теңгені жаңағы 12 банкке бөліп-бөліп орналастырды. Банктер сол арқылы кәсіпкерлерге несиелерді жылдық үстемақысы 12,5 пайызбен береді. Атап өтерлігі, бұл шағын және орта бизнес субьектілеріне бұған дейін беріліп келген несиелердің ставкасынан төмен. Осы шаралардың өзі мемлекеттің еліміздегі бизнесті өркендетуге қаншалықты маңыз беріп отырғанынан хабар берсе керек. Сейсенбідегі Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов екінші деңгейлі банктерге тиісті қаржының орналастырылғанын, алдағы наурыздан бастап кәсіпкерлер несие алу үшін оларға өтініш жасай алатындарын айтты. Елімізде «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заң қабылданғаны белгілі. Заңға сәйкес, шағын және орта бизнес субьектілерінің мемлекеттік органдардың, мемлекеттік холдингтердің және ұлттық компаниялардың мемлекеттік тапсырыстарына қол жеткізулеріне жағдай жасалып отыр. Мораторийден бастап осы айтылған шаралардың барлығы дағдарыс уақытында мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан теңдессіз көмек. Мұндай көрсеткішпен қазір әлемдегі мемлекеттердің көпшілігі мақтана алмайды. Олай болса, бұл шаралардың барлығы еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің қарқынды дамып, кең тыныстауына жол ашуы тиіс. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр.