Мемлекет қоғамның сұранысын ескеріп, азаматтардың әл-ауқатын арттыру шараларын қабылдайды – сарапшы

сарапшы Ермек Тоқтаров
Фото: Ермек Тоқтаровтың жеке мұрағатынан

20 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып қайта сайланғанына бір жыл толды. Осы жыл ішінде елімізде әлеуметтік салада қандай маңызды өзгерістер болды? Бұл туралы Kazinform тілшісіне ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров айтып берді.

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының былтырғы сайлауалды бағдарламасының орындалу жоспарында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілді.

Былтыр өткен президент сайлауы мемлекеттік басқару жүйесін толығымен қайта іске қосудың алғашқы қадамы болды. Бұл референдумда қабылданған конституциялық түзетулер ертерек күшіне енуі үшін қажет еді. Қоғам тарапынан өзгерістер мен реформаларға деген әлеуметтік сұраныс болды. Мемлекет бұл сұранысқа уақытылы жауап берді. Сайлау әлеуметтік-экономикалық күн тәртібінің басымдығын арттыруға мүмкіндік берді және ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік блок негізгі бағытқа айналды деуге болады. Сайлаудан кейін «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іс-қимыл жоспары бекітіліп, бұл іс жүзінде Үкімет өз жұмысында басшылыққа алатын құжатқа айналды. Сайлауалды бағдарламаның іске асырылуы жеті жылдық кезеңді қамтиды. Дегенмен, 2023 жылы осы жоспардың бірқатар тармағы іске асырылды, – деді сарапшы.

Ермек Тоқтаров мысал ретінде жыл басынан бері ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін өскенін атап өтті.

Бұл шара жұмыс істейтін 1,8 млн қазақстандықтың табысын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл қалай жұмыс істейді? Бір жағынан, ең төменгі жалақы деңгейінде табыс табатындар кемінде 10 мың теңгеге артық ақша ала бастады. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес ең төменгі жалақы мөлшеріне салық салынбайды, яғни салық салынатын жалпы кірістерден бұл сома шегеріледі деген сөз. Сондай-ақ, халықтың нақты табысын арттыру бағдарламасы бар, оған сәйкес бүкіл ел бойынша орташа жалақы көтеріліп келеді. Мысалы, дәрігерлердің орташа жалақысын 30%, ал медициналық персоналды 20% көтеру жоспарланған. Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап грантта оқитын барлық студенттің стипендиясы 20%, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақылары 15% өсті, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, сарапшы әлеуметтік саладағы өзгерістер тек жастар мен жұмыс істейтін қазақстандықтарға ғана емес, зейнетке шыққандарға да әсер еткенін айтты.

2023 жылдың басынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5% өсті. Жалпы, зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшерін арттыру шаралары 4,4 млн азаматқа әсер етті, ол үшін республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге бөлінді. Бұл қазіргі кезеңде мемлекеттік саясат әлеуметтік сипатқа ие екенін тағы бір дәлелдейді, – деді ол.

Ермек Тоқтаров әлеуметтік өзгерістерге қатысты халықтың көзқарасына тоқталып өтіп, әлеуметтік зерттеудің нәтижесін бөлісті.

Әлеуметтік зерттеу мемлекеттік саясаттың тиімділігін талдау үшін маңызды деректер болып саналады. Сондықтан ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты тоқсан сайын әлеуметтік зерттеу жүргізіп отырады. Осы сауалнама нәтижелері мемлекеттік саясатты, соның ішінде әлеуметтік саланы жетілдіру бойынша ұсыныстарды қамтитын аналитикалық материалдарға енеді.

Мемлекеттің кірісті арттыру жөніндегі шаралары қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайдың белгілі бір аспектілеріне наразылығынан туындап отырғанын көріп отырмыз. Мысалы, ҚСЗИ деректері бойынша 2022 жылғы ақпанда сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 66,5% тауарлар мен қызметтердің бағасына наразы екенін айтқан. 2022 жылғы тамызда жүргізілген зерттеу тауарлар мен қызметтердің бағасына қанағаттанбау деңгейі 78,3%-ға дейін өскенін көрсетті. Сондықтан, 2023 жылы мемлекет халықтың табысын арттыру бойынша белсенді шаралар қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, инфляцияны тежеу бойынша да шаралар қабылдап жатыр. Бұл шаралар бір жағынан тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін бәсеңдетуі керек, ал екінші жағынан азаматтардың әл-ауқатын арттыруы қажет.

Мемлекет «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті түрде іске асырып жатыр, қоғамның сұранысын ескереді және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Бұл қағида Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру тұрғысынан да маңызды, сонымен бірге бүкіл мемлекеттік басқару жүйесіне де енген, – деп түйіндеді сарапшы Ермек Тоқтаров.

Соңғы жаңалықтар