Мемлекет көмегінің арқасында отандық кәсіпорындар 170 млрд. теңгенің экспорттық келісімшартына қол жеткізді - Қ.Бишімбаев
Оның айтуынша, ағымдағы жылы қор арқылы отандық тауар экспорттаушыларды қолдау бағдарламасы аясында шамамен 50 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі күні аталған соманың 35 млрд. теңгесі игерілсе, қалғаны жыл соңына дейін толық игерілетін болады.
«Экспортқа қатысты сан өте үлкен. Бірақ, біз «Ұлттық чемпиондар» мен өңдеу өнеркәсбі кәсіпорындарына бағдарланғанбыз. Бірден айта кетейін, аталған 50 млрд. теңгенің арқасында біздің кәсіпорындарымыз шамамен 170 млрд. теңгенің экспорттық келісімшартына қол қойды. Яғни, мемлекеттен қаржы алу арқылы олар өздерінде бар экспорттық келісімшарт шарттарын орындауға мүмкіндік алды. Міне, дәл осындай бағдарламалар экспортқа бағытталған экономиканың негізін қалайды», - деді ол.
Қ.Бишімбаевтың сөзіне қарағанда, нарықтың не болмаса жеке қаржылық институттар қиын жағдайға тап болып, негізінен ішкі проблемаларын шешумен айналысып жатқан кезде мемлекеттік даму институттары оларды ілгерілетуде локомотивке айнала алды. Сонымен қатар ол маңызды бағдарамаларды бірі ретінде «Ұлттық чемпиондарды» анықтау бастамасын атап өтті.
«Біз ағымдағы жылы үш секторды таңдап алдық. Олар: тамақ жасау, құрылыс материалдары және машина жасау. 300-ден астам компанияға сарапатама жүргізіліп, 28-і іріктеліп алынды. Осы 28-ден қазіргі күні өз секторының чемпионына айналды деп айтуға болатын 7 компания бар», - деді холдинг басшысы.