Мемлекет неліктен БТА банкінің 78,14 пайыз акциясын сатып алды?

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберінде еліміздің қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейтін тағы бір айтулы оқиға болды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында «Самұрық-Қазына» қоры арқылы «БТА банкі» акционерлік қоғамының 78,14 пайыз қарапайым акциясын сатып алу туралы шешім қабылданды.
None
None
Сөйтіп мемлекет осы қаржы институтының ірі акционері атанды. Ал банктің қазіргі барлық акционерлері ондағы үлестерін сақтап қалады, бұл үлес 21,86 пайыз деңгейіне дейін төмендетіліп отыр. Шешім қабылданғаннан кейін сөз алған Премьер-Министр бұл шара банктің қосымша қор деңгейін қалыптастыру, банк салымшылары мен кредиторларының мүддесін қорғау және Қазақстандағы банк жүйесінің және «БТА банктің» тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жасалғанын атап көрсетті. «Бұл «БТА банкті» мемлекеттендіру болып табылмайды, заңнамаға сәйкес уақытша сипатқа ие және белгілі бір уақыттан кейін мемлекет акционерлердің құрамынан шығуды көздейді», деп мәлімдеді Үкімет басшысы. Бұдан бөлек, Үкімет «Альянс банкі» акционерлік қоғамының ірі акционері - «Сеймар Альянс» қаржылық корпорациясының өзіне тиесілі 76 пайыз қарапайым акциясын «Самұрық-Қазына» қорына шартты баға ? 100 теңгеге сатып алу жөніндегі ұсынысын мақұлдап отыр. Сонымен мемлекет «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкін» қосқанда, еліміздегі жүйе құрушы ірі төрт банктің капиталына кірді. Рас, арадағы келісімге сәйкес, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының негізгі операторы ? «Самұрық-Қазына» қорының «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкінің» әрқайсындағы қарапайым акциясының үлесі 25 пайыздан аспайды. Ал «БТА банкі» және «Альянс банкі» бойынша акцияларының деңгейін тиісінше 78,14 және 76 пайыз болып отыр. Осы жерде көпшіліктің көкейінде «мемлекеттің соңғы екі қаржы институтындағы акцияларының көлемі неге бастапқыда жарияланғанындай 25 пайыз емес, одан жоғары болып отыр?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бақсақ, мұның сыры тереңде жатыр екен. Есте болса, әлемдік қаржы дағдарысы басталысымен, 2007 жылдың тамыз айынан-ақ Қазақстанның банк жүйесі дағдарысты құбылыстарды сезіне бастаған болатын. Көп ұзамай жағдай бірқалыпқа түсер деп үміттенгенімізбен, үміт ақталмады. Сөйтіп 2008 жылдың екінші жартысында дағдарыстың екінші толқыны біздің елімізге тізесін кәдімгідей батыра бастағанда мемлекеттің қолдауынсыз банк жүйесі аяғынан мығым тұра алмайтыны белгілі болып қалды. Соған байланысты былтыр күзде Үкімет, Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттігі біз жоғарыда атап өткен төрт ірі банктің капиталына мемлекеттің кіруі туралы ұсыныс жасады. Олар келісіп, өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжат аясында Ұлттық банк аталмыш қаржы институттарына өздерінің міндеттемелерін орындау үшін белгілі бір төлемпаздық қолдауын көрсетіп келді. Ал жуырда ғана «Самұрық»-Қазына» қоры Қазкоммерцбанкпен және Халық банкімен барлық келіссөздерді аяқтап, белгіленген жоспармен жылжып келе жатқанын аңғартты. Бүгінгі таңда бұл банктердің әрқайсына 1 млрд. доллардан қаржы аударылып қойды. Ал қалған екі банк бойынша келіссөздер қалай өрбір екен деген тұста, көпшілік үшін тосын болған бүгінгі шешім жарияланды. Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, Ұлттық банктің көрсеткен қолдауына қарамастан, Қазақстан экономикасындағы қазіргі тенденция банктердің, оның ішінде «БТА банкінің» кредиттік қоржын сапасы одан әрі нашарлауына әкеп соққан. Бұл тиісінше банктің капиталына әсер етіп, ұзақмерзімді қорландыруды қажет ететінін көрсеткен. 2008 жылдың басында Агенттік банктердің қызметіне инспекциялық тексерулер жүргізген және оның барысында «БТА банкінде» бірқатар айтарлықтай проблемалар анықталған. Алайда, банк мұрсат сұрап, проблемаларды жоюға міндеттеме алыпты. Содан өткен жылдың соңында, нақтырақ айтқанда қазанның 1-інде Агенттік бұрын анықталған кемшіліктердің жойылған-жойылмағанын білу үшін банкке қайтара тексеру жүргізген. Оның барысында «БТА банкінің» тәуекелі жоғары жобаларды кредиттеу бойынша қалыптасқан теріс үдеріс жалғастырып жатқаны белгілі болған. Яғни, банк кредиттік комитеттер тарапынан тиісті бағалаудың болмағанына, ішінара қарыз алушының ең төменгі жеке қаражатының барын растайтын құжаттардың, сондай-ақ кредиттің мақсатты баратын жерін растайтын құжаттардың жоқтығына қарамастан, кредит беруді жалғастырған. Бір сөзбен айтқанда, бұрын анықталған кемшіліктерді жою туралы ескертпелерге қарамастан, банктің басшылары құзырлы органның ескертуін құлағына да ілмеген. Сөйтіп, либералды салық режімі зоналарында тіркелген қарыз алушыларға олардың ақырғы бенефициарларын ашу жөніндегі талаптарды сақтамай, несиелер беруді жалғастырған. Е. Бахмутованың сөзіне қарағанда, тиісті тексеру жүргізілмегенде кредит берудің мұндай тәжірибесі банкті түптің түбінде орға жығуы әбден мүмкін еді. Банктің резидент еместерге берген қарыздары ссудалық қоржынының шамамен 47 пайызын құраған. Айта кетерлігі, кредиттердің ауқымды бөлігі Ресейдегі, сондай-ақ ТМД елдеріндегі жылжымайтын мүлікпен байланысты жобаларды қаржыландыруға беріліпті. Қазіргі кезде ТМД елдеріндегі жағдай да нашарлап бара жатқандықтан, мұндай жобаларға салынған қаржының қайтарымы күрт төмендейтіні айдан анық. Сонымен қатар, соңғы екі айда банк өзінің клиенттерінің бірнеше төлем аманаттарын орындамаған. Бұны банктің төлем қабілетсіздігінің белгісі ретінде қарастыруға әбден болады және бұл қолданыстағы заңнама бойынша коэфицент төлемпаздығының бұзылуы болып саналады екен. Қысқасы, жоғарыдағы көрсеткіштер «БТА банкінің» қаржылық жағдайының нашарлауының дәйекті индикаторы болып табылады. Сонымен осындай қыруар проблемалардың салдарынан «БТА банкінің» қалыпты режімде жұмыс істеуіне үлкен қауіп төнген. Бір сөзбен айтқанда, бұл қаржы институты дефолтқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұр. Осындай маңызды бірқатар кемшіліктерді назарға ала отырып, Агенттік кеше ақпанның 1-інде «Самұрық-Қазына» қоры арқылы «БТА банкінің» қосымша жарияланған акцияларын сатып алу туралы қаулы қабылдап, Қормен бірлесіп банкті 251,3 млрд. теңгеге қосымша қаржыландыру қажеттілігі туралы қорытындыға қол қойыпты. Сонымен бүгін Үкіметке тиісті өтінішпен шығып, ол Үкімет тарапынан құп алынды. Шешім қабылданған күнгі, яғни ақпанның 2-сінде Қазақстан қор биржасындағы сауданың ашылу сәтіне сәйкес, банктің әрбір қарапайым акциясының бағасы 8 мың 401 теңге болған. Осылайша капиталдың жеткіліктілігі коэфицентін орындау мақсатында ендігі жерде 29 млн. 915 мың 425 дана қосымша акцияны шығару қажет болып тұр. Осы тұста «Самұрық-Қазына» қоры «БТА банктегі» өз үлесін беру мүмкіндігі жөнінде бірқатар әлеуетті инвесторлармен, оның ішінде Ресей жинақ банкімен келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Қордың басқарма төрағасының орынбасары Арман Дунаевтың сөзіне қарағанда, егер тиісті уағдаластыққа қол жеткізілетін болса, онда бірінші кезеңде мемлекеттің «БТА банкіндегі» 78,14 пайыз үлесті Ресей жинақ банкімен шамамен 50 де 50 үлеспен тең бөлісу көзделуде. Ал «Альянс банкі» туралы айтатын болсақ, оның негізгі акционері «Сеймар Альянстың» өзі ұсыныс жасап отырғандықтан, мемлекет бұл қаржы институтын қосымша қаржыландырып, қолдау көрсетуге әзір. «Сеймар-Альянс» корпорациясының басшылығы бұл қадамдарын банкті капиталдандыруға қажетті қаражаттың жоқтығымен, яғни «жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген уәжбен түсіндіріп отыр. Осы арада «БТА банкі» мен «Альянс банкінің» салымшылары мен кредиторлары олардың болашағы үшін алаңдамаулары керектігін айтқымыз келеді. Оған себеп - мемлекет бұлардың дағдарыстан басы бүтін шығуы үшін алғашқысына 1 млрд. 700 млн. доллардан астам, кейінгісіне 200 млн. доллар қаржы бергелі отыр. Сонымен Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» қоры арқылы еліміздегі жүйе құрушы ірі 4 банкке беріліп отырған шамамен 4 млрд. доллар олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жұмсалып, сонымен бір мезгілде экономиканың нақты секторында қордалана бастаған проблемаларды шешуге бағытталады. Назар аударатын тағы бәр жайт - Премьер-Министр қарамағындағыларға «БТА банкі» арқылы Алматы мен Астана қалаларындағы құрылысты, ал «Альянс банкі» арқылы шағын және орта бизнес, сондай-ақ ауылшаруашылығы салаларындағы жобаларды қаржыландыру мәселесін дәйектеуді жүктеді.Осылайша, еліміздің қаржы секторын тұрақтандыру, тұтастай алғанда экономиканы өркендету үшін бүгін тағы бір маңызды шешім қабылданды. Бұл қадам жайлы әлі талай түрлі пікірлердің айтылатыны сөзсіз. Алайда бір нәрсе анық: отандық банктердің төлемпаздық деңгейінің төмендеуі және акцияларына баға кесімінің түсуі банк активтері сапасының нашарлауына, экономиканың нақты секторын кредиттеу көлемінің азаюына алып келді. Үкімет бұған қарсы амал жасамаса, аталмыш банктерге сенім артқан салымшылар зардап шегіп қана қоймай, тұтастай алғанда, ел экономикасы да зор шығынға ұшырауы әбден мүмкін еді. Дағдарыстар жағдайында экономикалық үдерістерді үйлестіру және ынталандыруға мемлекеттің араласатыны әлемдік тәжірибеде бар дүние. Сондықтан Үкіметтің бұл қадамын елдің ертеңі үшін жасалып жатқан шаруа деп бағалаған жөн сияқты.
Соңғы жаңалықтар