15:25, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет тарапынан жұмсалатын қаражатқа ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс ? Үкімет басшысы
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет тарапынан жұмсалатын қаражатқа ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Үкіметте дағдарысқа қарсы айқын әрі нақты іс-шаралар жоспары айқындалып, жүзеге асып отыр. Сондықтан да, бұдан кейінгі күндері әрбір жауапты тұлға өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс атқаруы тиіс. Бұнымен қоса, қаржы саласында ауқымды қаражаттар жұмсалу көзделгендіктен бұл бағыттағы ашықтық толық қамтамасыз етілуі қажет. Өйткені Ұлттық қордан қаржы дағдарысына қатысты жұмсалатын қаражаттардың барлығы - қайтарымды шығындар. Бұл бағытта бүгінгі күні екі комиссия жұмыс істеуде. Олардың бірі - «Нұр Отан» ХДП жанынан құрылған комиссия, ал екіншісі барлық құқық қорғау органдары басшылары кіретін мемлекеттік комиссия болып табылады. Халық мемлекет тарапынан үлестіріліп жатқан қаражаттың нақты нәтижеге жұмсалатынын, «жарты жолдан жұтылып» кетпейтінін, тек экономиканы қолдауға жаратылатындығын біліп отыруы тиіс», - деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ К. Мәсімов ақпанның 6-сында Үкімет мүшелері мен Ұлттық банк басшысының «Нұр Отан» фракциясында есеп беретіндігін еске сала кетті. «Бұл жиында қаржы дағдарысындағы Үкіметтің іс-шараларының жүзеге асуы жайында әңгіме болады», - деді ол.