Мемлекет үздік үш бизнес-инкубаторға қолдау көрсетеді

«Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірге қаржылық және методологиялық көмек арқылы табысты бизнес-инкубаторларға қолдау көрсетеді. Бизнес-инкубаторлар жүйесін дамыту Бағдарламасы бойынша тең қаржыландыру бизнесті дамыту және қолдаудың «Бизнестің жол картасы - 2020» Бірыңғай бағдарламасы аясында жүзеге асырылады», - дейді спикер.
Марат Омаровтың түсіндіруінше, бағдарламаның мақсаты - бизнес-инкубаторлардың құзіреттілігін арттырып, ірі технологиялық компанияларды өсіріп шығаруға сеп болатын сапалы стартаптардың өсіміне жағдай жасау болып табылады.
Марат Омаров келтірген мәліметке сүйенсек, бизнес-инкубаторлар бағдарламаның шарттары бойынша еңбекақы қоры, әкімшілік ғимараттарды жалға алу, коммуналдық қызметтерге, сонымен бірге байланыс қызметтеріне (интернет, телефон, пошта), индустриялық-инновациялық жобаларды таңдап алу және ілгерілетуді қамтамасыз ету үшін тартылған үшінші тұлғаға, оқыту-үйрету шараларын ұйымдастыруға, бизнес-құзыретін арттыру мақсатында бизнес-инкубаторлар мен оның резиденттері үшін тағылымдамадан өту және соған қатысты (жол жүруге және командировкаға кеткен) жұмсалған шығындарының 50 пайызы қаржыландырылады, алайда бұл сома 35 миллион теңгеден аспауы керек.
Марат Омаров өз сөзінде сонымен бірге бизнес-инкубаторларға қойылатын талаптар туралы айтып берді.
«Оларда 250 шаршы метрден кем болмайтын бизнес-инкубаторлардың резиденттерін орналастыруға болатын әкімшілік ғимарат, жоғары білімі бар кем дегенде 5 білікті кадр, мемлекеттің қолдауынсыз кем дегенде алты ай жұмыс жүргізе алатын қаржылық ахуалы, ҚР ЖОО-ларымен серіктестік қарым-қатынастары болуы керек», - деп түсіндірді спикер.
Оның айтуына қарағанда, бизнес-инкубаторларды таңдау арнайы комиссияның конкурстық негізінде іріктеуімен жүргізіледі. Ол комиссияның құрамына осыған қатысты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, тәуелсіз ұйымдардың сыртқы сарапшылары енеді. Комиссия түлектердің санын және жобаның сәттілігін есепке ала отырып, шешім шығарады.
«Сонымен қатар, жаңа әрі сапалы өнім жасап шығару үшін индустриялық-инновациялық жобалар бойынша бизнес-инкубаторлардың резиденттеріне бағдарлама негізінде мемлекеттік гранттарды бөлу қарастырылған (өтініш берілген негізді шығындар бойынша 50 млн теңгеге дейін)», - деп хабарлады спикер.
Марат Омаров бизнес-инкубаторлау аясында гранттарды бөлу де қарастырылып отырғанын атап өтті.
«Бизнес-инкубаторлау аясында бизнесті дамыту үшін мемлекеттік гранттарды бөлуді 2019 жылдан бастау жоспарланып отыр. Әрбір аймақта гранттардың саны республикалық бюджетке байланысты болады. Аталған грантқа тек бағдарлама аясында конкурстық іріктеуден өткен бизнес-инкубаторлардың резиденттері ғана өтінім бере алады», - деді ол.