Мемлекет және қоғам қайраткері Шәріп Омаров тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Шәріп Омаров жастайынан мемлекеттік қызметке араласып, мемлекет пен қоғамның дамуына айтулы үлес қосқан тұлға. Түрлі жылдары Қазақстан жастар ісі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, «Қазақстан» ТРК директорының орынбасары, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің демутаты қызметтерін атқарған. Парламенттегі халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде Байқоңырды Ресейге беру кезінде екі ел арасында бірлескен әкімшілік құру, қазақстандық ғалымдарды ресейлік ғарыш орталықтарында жұмыс істеуге жіберу, «ҚазСАТ» отандық спутнигін жасау туралы жұмыстардың басы-қасында жүрді.
2004-2007 жылдары Чехия мен Словакия республикаларында Төтенше және Өкілетті елші ретінде екі елдің экономика, мәдени салалардағы қарым- қатынасының дамуына үлес қосты. Ол сондай-ақ қазақстандықтарға әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі ретінде де танымал. Ол спорт сүйер қауым үшін де сүйікті тұлға еді. 35 жыл қатарынан «Жеңіс» футбол клубының президенті, Қазақстан футболы ардагерлері қауымдастығының президенті болды. Футболдан еңбегі сіңген жаттықтырушы. Ғылымда да өз орны бар ол, саяси ғылымының кандидаты болды.
2007 жылдың 29 тамызында 59 жасқа қараған шағында жүрек талмасынан дүние салған еді. Бүгін араға 4 жыл салып барып, қайраткер тұрған Төлебаев көшесіндегі 126-шы үйге ескерткіш тақта орнатылды. Тақтаның ашылуына Ш.Омаровтың достары, әріптестері, туыстары қатысып, естеліктер айтты.
Бүгін сондай-ақ Орталық мемлекеттік мұражайда оның өмірі мен қызметіне арналған көрме ашылады.