Мемлекет жұмыс істеуге қабілетті адамды бағып-қақпайды — Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеу және өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Мемлекет жұмыс істеуге қабілетті адамды бағып-қақпайды – Үкімет басшысы
Фото: Үкімет

— Шығыстарды оңтайландыруға қатысты айтар болсақ, бұл жұмыс үнемі, оның ішінде республикалық бюджетті қалыптастыру процесінде де жүргізіледі. Мәселен, алдағы үш жылға арналған бюджетті қалыптастыру барысында базалық шығыстар 15-тен 12 пайызға қысқартылды. Бұл өте салмақты цифр. Бізде бюджет үшін әлеуметтік сала өте үлкен салмақ салады. Әлеуметтік жәрдемақылар, төлемдер, әлеуметтік қолдаудың түрлі шаралары егер республикалық және жергілікті бюджеттерді алар болсақ, мемлекеттік бюджеттік шамамен 60 пайызын құрайды. Ұзық жылдар бойы республикалық бюджеттегі бұл шығыстар 40 пайыздан астам болған еді. Үш жылдық бюджетті қалыптастыру барысында бұл цифрды 38 пайызға дейін төмендете алдық, — деді Олжас Бектенов сенаторлардың сауалына орай.

Сондай-ақ ол әлі де үлкен олқылық бар екенін, оны жою жұмысы жалғасатынын айтты.

— Мұның бәріне бірдей ұнай бермейтіні түсінікті. Дегенмен, Үкімет мұндай саясатты жалғастырады. Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеу және өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алатын болады. Жұмыс істей алатын адам еңбектенуі тиіс. Мемлекет оны бағып-қақпауы тиіс және бағып-қақпайды да. Біз бұл жұмысты одан ары жалғастырамыз, — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар