16:56, 14 Ақпан 2009 | GMT +5
Мемлекет жылжымайтын мүлік рыногындағы ұсыныс пен сұранысты қолдайды ? Қ. Айтекенов
АЛМАТЫ. Ақпанның 14-і. ҚАЗАҚПАРАТ /Данияр Сиқымбаев/ - Ұлттық қордан жылжымайтын мүлік секторын қолдауға бөлінген 360 млрд. теңге үш бағдарлама бойынша бөлінеді.
Бұл жайында, бүгін Алматыда «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының мүшесі, басқарушы директор Қайрат Айтекенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін Алматыда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен екінші деңгейдегі банктер арасында осы келісімдердің біріне, атап айтқанда құрылысы салынып бітпеген нысандарға байланысты қол қойылды.
Қайрат Айтекеновтің сөзіне қарағанда, мұндай нысандар Алматыда ? 99, ал Астанада ? 88. Бағдарламаның бірі - осы құрылыстарды тіркелген ставка, екіншісі ? еркін баға бойынша қаржыландыру. «Егер банк жылжымайтын мүлік құрылысын тіркелген ставка бойынша қаржыландырғысы келсе, онда несиелік және ипотекалық желіні ала алады. Яғни, тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін, құрылыс жүргізуші 12,5 пайыздық несие желісіне қол жеткізеді. Бұл несие үш жыл мерзімге беріледі. Қаржы құрылыс салушыға тек әр тоқсан сайынғы қажеттілігіне орай аударылады. Біз осы үйлерден пәтер күтіп отырған үлескерлерді қорғауымыз керек», - деді Қ.Айтекенов. Оның айтуынша, бұл үйлерде бос пәтерлер де қалады және оларды жаңа сатып алушылар құрылысты қаржыландырған сол банктен ипотекалық несие бойынша ала алады.
Екінші бағдарлама еркін бағадағы жылжымайтын мүлік құрылысына қатысты. «Мұнда құрылыс салушыларға кредит емес, ипотекалық несие ұсынылады. Бұл жағдайда ипотека 15 жыл мерзімді, 10,5 пайызды құрайды», - деді «Самұрық-Қазына» қорының өкілі. Үшінші бағдарлама ? ипотекалық несиені қаржыландыру. Осыған байланысты келісімге алдағы аптада қол қойылады деп күтілуде.