Мемлекетаралық іздеуде болған 8 қылмыскер Қазақстанда жазаларын өтеуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекетаралық іздеуде болған 8 қылмыскер анықталды.
Бұл жайында ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Іздеуде болған қылмыскерлердің алтауы Өзбекстан Республикасының, ал тағы екеуі Қырғызстан Республикасының азаматтары. Қазіргі уақытта олар Ақмола, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде түрлі мерзімде жазаларын өтеп жатыр», - делінген республиканың пенитенциарлық жүйесі ведомствосының хабарламасында.
Мәселен, Ақмола облысындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің бірінде адам өлтіргені үшін 12 жылға сотталған Өзбекстанның 46 жастағы азаматы қамауда отыр. Оған 2007 жылдан бері қарақшылық шабуыл жасағаны үшін Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының ішкі істер басқармасы халықаралық іздеу жариялағандығы белгілі.
«Тағы бір сотталушы - 1973 жылы дүниеге келген Қырғызстан Республикасының азаматы 2013 жылдан бері барымташылық үшін халықаралық іздеуде болған. Ол Қазақстан Республикасында контрабанда жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылып, қазіргі уақытта Ақтөбе облысында жазасын өтеуде», - делінген Қылмыстық атқару жүйесі комитеті таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен сотталушыларды елдеріне қайтару мәселесі халықаралық пактіге сәйкес шешілетіндігін атап өткен.