12:40, 31 Мамыр 2010 | GMT +5
Мемлекетке 428 млн. теңге салық төлеуден жалтарған кәсіпкер сотталды
ОРАЛ. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мемлекетке ірі көлемде салық төлеуден жалтарған «БЭМА» ЖШС директоры Махамбет Насыровтың үстінен қозғалған қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.
Департаменттің баспасөз қызметінен Ақлима Бүркітбаеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азамат серіктестіктің құрылтайшысы әрі директоры бола тұрып, 2006-2008 жылдары түрлі қызметпен, тауар-материалдық құндылықтарды, жанар-жағар май, құрылыс материалдарын жеткізумен айналысқанымен, салық органына жиынтық жылдық табыс жөнінде декларация тапсырмаған. Сөйтіп М.Насыровтың қылмыстық іс-әрекеті салдарынан мемлекетке 428 миллионнан астам ірі көлемде залал келтірілген.
Орал қалалық сотының үкімімен М.Насыров айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейді. Үкім заңды күшіне енді.