Мемлекетке 590 млн теңге салық төленбеген: Атырауда қылмыс жасаған адамдар ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Атырау қаласының соты жалған шот-фактуралар мен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға байланысты экономикалық қылмыстарды жасаған адамдар тобына қатысты үкім шығарды.

Мемлекетке 590 млн теңге салық төленбеген: Атырауда экономикалық  қылмыс жасаған адамдар ұсталды
Фото: видеодан алынған скрин/ҚМА

Тергеуді ҚМА Атырау облысы бойынша департаменті жүргізді. Тергеу нәтижесінде А.С.Тюякпаевтың басшылығымен, сондай-ақ С.А.Аргалаш пен А.С.Булатовтың қатысуымен тұлғалар тобы ұйымдасып, 8 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтару схемасын құрғаны анықталды.

Осының салдарынан мемлекетке 590 млн теңгеден астам салық төленбей, ірі көлемде залал келтірілген. Сонымен қатар Тюякпаев 342 млн теңге көлеміндегі қылмыстық кірісті бақылауындағы компаниялардың есепшоттары арқылы өзінің жұбайының жеке шотына аудару арқылы заңдастырған.

Сот санкциясымен 4 автокөлікке 2 пәтер мен бір тұрғын үйге тыйым салынды. Тергеу барысында 236 млн теңге өз еркімен өтелді.

Сот үкімімен Тюякпаев, Аргалаш және Булатов кінәлі деп танылып, оларға 2 жыл 4 айдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кіріске сатып алынған мүлік — Атырау қаласындағы пәтер мен автокөлік — мемлекет пайдасына тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, қалған мүлікке қатысты азаматтық талап шешілгенге дейін қамтамасыз ету шараларын сақтау туралы сот шешімі қабылданды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Петропавлда салық органы көз жұмған қызметкерінің жесіріне 34 млн теңге төлейді.

Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлік қызметті жеңілдетеді.

Соңғы жаңалықтар